ШЫМКЕНТТЕ ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҒЫМЕН ШЕШІЛЕДІ

97
0
Шымкентте «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 25 мектепт пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Uakit.kz.
Жалпы 2023 жылы Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті мәслихат депутаттарының кезекті ХХІІ сессия отырысында жасаған есебінде айтты.
«Білім беру нысандарын дамыту мақсатында 2025 жылға дейін 101 мектеп салу жоспарда. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2025 дейін 38 мыңға жуық орынды 25 мектепті пайдалануға береміз», -деді қала басшысы.
Айтып өтейік, былтыр шаһарда 25 мектеп пайдалануға берілсе, биыл 48 мектептің құрылысы жүргізілуде. 37 мектеп пайдалануға берілді, оның төртеуі мемлекеттік. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азайды.
«Балалар жылына» орай қалада бірқатар маңызды шаралар қолға алынды.
105 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары көп жылдан бері алғаш рет тегін ыстық тамақпен қамтылса, 58 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы берілді.
Сонымен қатар қала бойынша балалардың үйірмелермен қамту көрсеткіші жан басына қаржыландыру есебінен 45%-дан 75%-ға жетті.
Бүгінгі таңда шаһарда «Оқушылар сарайы», «Балалар шығармашылық мектебі», балаларға арналған 157 ойын алаңы мен 40 спорт алаңша құрылысы жүргізілуде.
Айта кетейік, Шымкентте Балалар жылына орай атқарылатын жұмыстар мен іс-шаралар кешені түзіліп, 84 бағыт бойынша жүргізілмек. Оған бюджеттен 44, 6 млрд теңге қаралған. Қазіргі уақытта қаладағы бірқатар ғимараты ескірген білім ордаларында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұның өзі орын тапшылығы мәселесін шешуге мұрындық болмақ. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұқмыстар қарқынды түрде жалғаса береді. Ал атқарылып жатқан жұмыстар шаһар басшысының тікелей бақылауында.