БАЛАЛАРДЫҢ БАҚЫЛАУДА БОЛУЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙДЫ АЛДЫН АЛАДЫ
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы балалардың жарақат алуы мен өліміне әкеліп соғатын негізгі себептердің бірі — терезеден құлау оқиғасы екенін ескертеді,-деп хабарлайды uakit.kz.
Осы бағытта Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инспекторлары көп қабатты тұрғын үй тұрғындарына профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Әбді Досмұхамед балалардың терезеден құлау оқиғасы туралы «Көп жағдайда 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар терезеден құлау қауіп-қатеріне жиі ұшырайды. Бұл жастағы балалар терезе алдында ойнаудың қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді. Оларды терезенің ар жағындағы тіршілік қызықтырады. Мұндай қайғылы жағдайды алдын алу үшін ата-аналар балаларды қараусыз қалдырмаулары қажет»,-деді.
Сонымен қатар ол ата-аналар балаларына қауіпсіздік ережелері туралы әрдайым түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ескертті.
Бұл туралы ол: «Әрбір ата-ана баласы сөз түсінетін жасқа келгенде онымен қауіпсіздік ережелері туралы әңгімелесуге уақыт табу қажет. Оған сымдарға, розеткаға саусақ және бөгде заттарды салуға болмайтынын айту керек. Одан өзге балаларды ауыр жарақаттан қорғау үшін розеткаларға арналған штепсельдерді немесе қақпақтары бар арнайы розеткаларды қолданған жөн. Мұндай құралдарды дүкендерден оңай таба аласыз. Кішкентай балалар барлық нәрсеге қолын тигізіп, оны қолмен ұстап көруге талпынады. Сондықтан да электр аспаптары мен гаджеттерді пайдаланған соң оны өшіріп қоюды бақылаудан шығармаңыз. Тоқта тұрған құрылғыларды балалардың пайдалануына жол бермеңіз. Балалар бөлмесінде жиһаз бен электр құрылғылар мейлінше аз болғаны жөн. Және балалар бөлмесіндегі барлық розеткалар штепсельдермен болуы тиіс. Және еденнен мейлінше биікте орнатылуы қажет. Фонарьларды, сәндік шамдарды немесе әртүрлі ойын-сауық электр құрылғыларын сатып алғанда, олардың қауіпсіздігіне көз жеткізіңіз. Оларды ұзақ уақытқа тоққа қосулы күйде қалдырмаңыз, әрі тек өзіңіз үйде бар кезде ғана қолдануын қадағалаңыз»,-дейді.
Басқарма өкілі сіріңкелердің балалардың қолы жетпейтін жерде болуы да ата-аналар назарынан шықпауы тиістігін атап өтті.