ТӨТЕНШЕЛІКТЕР ОТШАШУДЫ ОРНЫМЕН ҚОЛДАНУДЫ ЕСКЕРТЕДІ

Қыстың алғашқы айында жұрт болып, ел болып атап өтетін мерекелер – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні және Жаңа жыл мейрамы екені бәріне аян.

Әсіресе Жаңа жыл қарсаңында дүкендер мен базарларда пиротехникалық  отшашу өнімдеріне сұраныс арта түседі. Мерекелік ауанға ерекше көңіл-күй сыйлайтын пиротехникалық отшашуларды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаса, оның соңы  адамдардың жарақат алып, қайғылы жағдайларға түсуіне себеп болады.

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мейрамхан Базарбек пиротехникалық өнімдерді қалай қауіпсіз қолдану керектігін түсіндіреді. Бұл туралы ол:

– Отшашу кезінде сақтық шараларын назарға алмаса төтенше жағдайлардың болуы әбден мүмкін. Азаматтар келеңсіз оқиғалардың құрбаны болмас үшін отшашу сатып алғанда сатушыдан өнімнің сертификатын қарап, қолдану жөніндегі нұсқаулығымен танысуы қажет. Сонымен қатар келесідей қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс. Атап айтқанда, пиротехниканы дауылды, желді ауа райында қолдануға болмайды. Кәмелетке толмаған азаматтар отшашуды тек ересектермен бірге тұтатуы қажет. Отшашуды тамашалайтын адамдар қауіпті аймақтан алыста, шамамен 30-50 метр қашықтықта тұруы тиіс. Пиротехниканы ұруға, оттың жалынына қол тосуға болмайды. Отшашуды  темекі тартып қолдану қауіпті екенін қаперден шығармаған жөн. Оны мас күйде тұтату да қауіпті,-деді.

Сонымен қатар ол, отшашу бірден тұтанбаса, оған тап сол мезетте жақындауға болмайтынын,  кемінде бір минут күту қажеттігін ескертеді. Және тұтанбай қалған  отшашуды қайта жағуға болмайтынын алға тартады.

Одан өзге ол отшашуларды салқын әрі құрғақ жерде сақтау керектігін, ылғалданып қалған жағдайда оны фен не басқа да жылыту құрылғыларымен құрғатуға тыйым салынатынын айта келе, «Ғимарат не тұрғын үй ішінде, жарылыс және өрт қаупі бар нысандар аумағында, темір жол, мұнай, газ құбыры және жоғары вольтты электр желілері маңында, шатыр және балконда, сахна, стадион және басқа да спорттық алаңдар мен мәдени ескерткіш, зират, қорық, ұлттық парк аумағында отшашу жасауға тыйым салынады»,-деп атап өтті.

Сондай-ақ, Мейрамхан Базарбек қауіпсіздік ережелерін ескеру түрлі қауіпті оқиғалардан сақтайтынын, сол үшін де азаматтардан отшашуды орнымен қолдануды сұранады.