ТҮРКІСТАНДА 7 МАМЫР – ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Түркістанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні аталып өтті. ҚР ІІМ «Ұлттық ұланының» №5574 әскери бөлімінде өткен патриоттық іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және Түркістан облысының полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов қатысып, сардарлар мен сарбаздарды, ер-азаматтарды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толуымен құттықтады.
Мерекелік іс-шарада әскери сала өкілдеріне марапаттар тапсырылып, құрмет көрсетілді. Рухты оятып, отаншылдықты дәріптеген мерекеде «Ұлттық ұлан» бөлімінің сарбаздары әскери шеру өткізді. Сонымен бірге көпшілікке әскери техникалар көрмесі ұсынылды. Патриоттық әндер шырқалды.
Айта кетейік, былтыр Түркістан облысынан 5 мыңға жуық жас әскерге аттанды. Биыл да осы көлемде сарбаздар Қарулы күштер қатарын толықтырады деп күтіліп отыр.