ӨРТ ОҚИҒАСЫ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАҒАНДА ДҮРБЕЛЕҢ САЛМАУ КЕРЕК

 

Түркістан қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы Нұржау Рахымов  өрт оқиғасы орын алған кезде оқыс оқиға туралы хабарламаны өрт қызметіне жеткізуде қандай сұрақтарға нақты жауап беру маңызды екенін еске салады,-деп хабарлайды uakit.kz.

Өз кезегінде Нұржау Талғатұлы  «Құтқарушылар байланыс бекетіне келіп түскен хабарлама мазмұнына қарай оқиғаның қаншалықты күрделене түскенін, оны жою үшін қанша күш пен техниканың қажеттігін есептеп, соған сай асай-мүсейін сайлап шығады. Сол үшін де азаматтар өрт оқиғасы орын алған кезде мейлі ол өзінің үйі болсын немесе көршінің үйі болсын ең әуелі нақты мекен жайды анық әрі дәл айтуы қажет. Атап айтқанда, көше атауы, үй нөмірі, кіреберіс пен қай қабатта екені. Содан соң өрт ошағының орны. Яғни, пәтер, дәліз, жертөле, шатыр деген сынды.  Сонымен қатар жағдай мен уақыт мүмкіндік берсе кім қоңырау шалып жатқанын хабарлаңыз. Телефон нөміріңізді айтып, диспетчердің сұрақтарына жауап беріңіз. Тағы бір маңызды жәйт, егер жаралылар мен зардап шеккендер болса, олардың саны мен алған жарақаттарының сипатын атаңыз. Қажет болса оқиға орнына келу жолдарын түсіндіріңіз»,-деді ол.

Сонымен қатар  ол, үйлерде өрт оқиғасы орын алған кезде  газды жауып, үй-жайды тоқтан ажыратуды, адамдарды түтіндеген бөлмелерден сыртқа шығаруды, терезелер мен есіктерді жауып, көршілерге өрттің таралу мүмкіндігі туралы хабарлауын айта келе, «Ең бастысы дүрбелең салмау керек. Адамдарды үй-жайлардан шығарып, ықтимал эвакуация туралы ескерту қажет. Егер кіреберісте автоматты өрт қауіпсіздігі жүйесіорнатылған болса үйдің барлық тұрғындарына ескертуді тездету үшін оны іске қосу керек. Егер өрттің ауқымы өртті өздігінен басқаруға мүмкіндік берсе, өртті өз күшіңізбен сөндіруге тырысуға болады. Ол үшін қолда бар өрт сөндіру құралдарын пайдалану қажет»,-деп атап өтті.

Айта кетейік, өрт сөндіргіштер, өрт крандары, су құбырынан су шашу, мақтадан жасалған көрпемен өрт ошағына ауаның кіруін тоқтату әдістері қолда бар өрт сөндіру құралдарына жатады.