АДАМ САУДАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ІС-ШАРАЛАР НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

88
0

Шымкент қаласында адам саудасының алдын алу бойынша іс-шаралар науқаны бастау алды. Еліміз әлемнің көптеген елдері сияқты адам саудасымен күресті басты бағдар етіп алған. Бұған қарамастан адамды саудалау, оны ұрлау, еркінен тыс мәжбүрлеп жұмыс істету фактілері орын алып жатқаны жасырын емес.

Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында бүгін Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин атындағы әмбебап кітапханасында «Адам саудасы және оның алдын алу» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Мақсаты — адам саудасының алдын алу, аталған қылмысқа қарсы күресті күшейту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Семинар-тренингті М.Әуезов атындағы ОҚУ Заң факультеті Халықаралық қатынастар және халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Бекбосынов Ермек Төленұлы жүргізді. Адам саудасы мәселесі қазіргі өркениетті қоғамда да әлемнің басты проблемаларының бірі болып тұр. Бейресми деректерге сәйкес, әлемдегі үшінші ірі заңсыз бизнес түріне адам саудасы жатады. Болжам бойынша оның жылдық тауар айналымы 10-15 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл болжам ғана. Өйткені нақты мәліметке қол жеткізу әзірге мүмкін емес. БҰҰ мәліметінше жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен. Әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайыздан астамын нәзік жандылар, яғни әйелдер мен қыздар құрайды. Ал жалпы құрбандардың үштен бірі балаларға қатысты екен. Семинар-тренингке мемлекеттік мекеме қызметкерлері,зиялы қауым өкілдері, саясаттанушылар, азаматтық қоғам өкілдері, әлеуметтік желі белсенділері және жоғары оқу орындарының жастары қатысты. Олар тақырып аясында ақпарат алмасып, өз ой пікірлерімен бөлісті. Атап айтсақ, жуырда Шымкентте адам саудасының алдын алу бойынша іс-шаралар науқаны бастау алды. Шымкент қаласында бастау алған бұл жоба биыл қазан-қараша айларын қамтиды. Қала көшелеріне адам саудасы туралы ақпарт жазылған арнайы билбордтар ілініп, тұрғындарға буклеттер, парақшалар, футболкалар мен кепкалар таратылады. Адамдар осындай ақпараттар арқылы не істеу қажет екенін ескереді. Егер сіз адам саудасы фактілермен кездескен жағдайда 102 сенім нөміріне хабарласуыңызға болады. Адам құқығы — демократиялық қоғамдағы ең маңызды мәселе. Сондықтан бұл түйткілге бей-жай қарауға болмайтынын ескертеміз.