ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

12
0

Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай, елдегі кәсіподақ қозғалысы аясында ерекше әрі мазмұнды шара өтті. Шымкент қаласындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» мекемесіне арнайы барған қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев «Қалың қалай, бастауыш кәсіподақ ұйым?» атты республикалық акция аясында ұжыммен ашық кездесу өткізді.

Бұл шара – жай ғана формалды жиын емес. Бұл – еңбек адамымен бетпе-бет кездесіп, шынайы пікір алмасуға бағытталған, бастауыш кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігін өз көзімен көруді мақсат еткен ерекше платформа. Акцияның басты мақсаты – кәсіподақ ұйымының ең төменгі буыны – бастауыш ұйыммен тығыз байланыс орнатып, олардың нақты мәселелерін естіп, тиімді шешімдер қабылдау. Бауыржан Әлтеев сапар барысында мекеменің жұмыс барысымен кеңінен танысты. Түрлі учаскелерде еңбек етіп жүрген жұмысшылармен кездесіп, олардың еңбек жағдайын көзбен көрді. Қызметкерлер еңбекке ақы төлеу жүйесі, еңбек қауіпсіздігі, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылу мен әлеуметтік қолдау мәселелерін ашық көтерді. Көтерілген мәселелер тек тыңдалып қана қоймай, хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта нақты шешім қабылдау үшін кәсіподақ күн тәртібіне енгізілді. Бұл – жай ғана пікір алмасу емес, нақты проблемаларды бірге шешуге бағытталған ынтымақтастық үлгісі.

Кездесу барысында кәсіподақ төрағасы Бауыржан Әлтеев ұжым алдында сөйлеген сөзінде маусым-шілде айларындағы кәсіподақ қозғалысы үшін маңызды тарихи кезеңдерге ерекше тоқталды. «11 шілдеде Астанада өтетін ҚР Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі – соңғы бес жылда атқарылған жұмыстардың қорытындысы жасалып, алдағы бес жылға арналған даму стратегиясы қабылданатын маңызды кезең болмақ. «2025–2030 жылдарға арналған жаңа стратегия – еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы негізгі бағдар болады. Бұл – әділетті еңбек қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды құжат» деді Бауыржан Әлтеев. Сонымен қатар, шілде айында Астанада алғаш рет өтетін ауқымды халықаралық іс-шара – Жазғы мектеп (ВЕРС) туралы да кеңінен айтып өтті. «Жазғы мектеп – бұл тек оқыту ғана емес, бұл – кәсіподақ жастары мен халықаралық әріптестер арасында сенімді серіктестік орнатуға арналған бірегей алаң. Орталық Азия аумағында алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шара – лайықты еңбек мәдениетін қалыптастыруда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады» деп атап өтті төраға.

Бұл кездесуден байқалған басты тұжырым – кәсіподақ қозғалысының тек формализм шеңберінде қалмай, шынайы сұхбат пен нақты әрекет арқылы жүйелі дамуға бет алғаны. Кездесу соңында кәсіподақ тарапынан оң ұсыныстар айтылып, жұмысшылармен бірлесіп шешуге болатын мәселелер бойынша нақты жоспарлар құрылды. Бұл – еңбек адамына шын жанашырлықпен қарайтын кәсіподақтың жандана түскенін айғақтайды. Су шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Осы салада еңбек етіп жүрген азаматтардың адал еңбегі мен тұрмыстық жағдайы әрқашан кәсіподақ назарында. «Қалың қалай, бастауыш кәсіподақ ұйым?» жобасы алдағы уақытта еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын табатыны – осы бастаманың өміршеңдігін көрсетеді.