ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚЫЗМЕТІ БАҚЫЛАУДА

105
0

Қоғамдық көлік қызметінің тұрғындар үшін маңызы айрықша. Сондықтан аталған сала жергілікті әкімдіктің тікелей бақылауында. Салада бірқатар оң өзгерістер де байқалуда. Тарқатайық…

Ағымдағы жылы Шымкенттегі ескі аялдамалардың 178-і жаңартылды. Оның ішінде Төлеметов, Ізгілік, Патеев, Желтоқсан, Исмайлов, Жібек жолы сияқты бірнеше көшелер мен Тәуке хан, Республика, Бәйдібек би даңғылдары бойындағы аялдамалар бар. Барлығы жаңа типте салынған. Жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес, орнатылған аялдамалар шыныдан жасалған. Қоғамдық көлікпен жүретін көпшілік үшін барлық жағдай оңтайландырылған.  Ал, қолданысқа жарамды ескі аялдамалар қалаға іргелес жатқан елді мекендерге атап айтқанда, Жыланбұзған, Маятас пен Қарабастау тұрғын алаптарына орнатылуда. Сала мамандары аялдамалардың ұзақ сақталып, шаһар көркін кіргізіп тұруы — сапасына ғана емес, қала тұрғындарының істелінген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, орындықтарды сындырмай, тұрған орнын бүлдірмей таза ұстауына да байланысты екенін айтады. Қазіргі таңда Шымкентте 1 886 аялдама орны бар болса, оның 1336-сы аялдама павильоны, қалғанына арнайы белгілер орнатылған. Айта кету керек, жуырда әлеуметтік мәні бар қалалық нөмірі №55 және №149 бағыттағы қоғамдық көліктері 6 жаңа автобуспен толықты. Қыркүйек айынан бастап аталған бағыттағы жаңа автобустар жолаушыларды тасымалдау қызметіне кіріседі. №149 автобус маршрутына 4 бірлік қосылып, жалпы саны 10 автобусқа артты. Ал, №55 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы 8 автобус жүретін болады. Жаңалау жұмыстары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен тасымалдаушы компаниялардың арасында түзілген келісімшарттар негізінде атқарылды. Жаңадан 26 бағыт жаңа автобустармен толыққанын да тілге тиек ете кету керек. Тасымалдаушы компания өз есебінен кең сыйымдылықты 10 автобусты желіге шығарып отыр. Жаңа бағыт Барыс базары мен Фосфор ауруханасы аралығында қызмет көрсетеді. Естеріңізде болса, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданының Қазығұрт, Құрсай және Агроферма шағынауданының тұрғындарымен кездесуінде 34 бағыттың аралық интервалы мен автобустардың ескілігіне қатысты шағымдар айтылған еді. Осыған орай, мамырдан бастап сол бағытта тасымалдаушы көлік компаниясы 12 автобуспен жолаушыларды тасымалдауда. Қозғалыс сызбасы Қазығұрт шағынауданы мен Клара Цеткин көшесі аралығында ұйымдастырылған. Жалпы Шымкент қаласы бойынша бүгінгі таңда 1000 қоғамдық көлік бар. Оның ішінде 876 автобус жолаушыларды тасымалдап жүрсе, қалғаны резервте тұрады. Жалпы, шаһарда жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын 10 көлік компаниясы бар.