НЫСАНДАҒЫ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы объектілерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары қамтылған нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауды ескертеді.

Объектідегі өрт қауіпсіздігін меншік иелері, меншік нысанына қарамастан ұйымдардың, кәсіпорындардың басшылары, жеке кәсіпкерлер, жеке тұлғалар, объектіні немесе үй-жайды иеленуге, пайдалануға немесе оған билік етуге құқығы бар тұлғалар қамтамасыз етеді.

Ұйымдардың басшылары өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстардың жекелеген учаскелерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адамдарды бұйрықпен тағайындайды.

Ұйым басшысы әрбір объектіге қатысты (жеке тұрғын үйлерді қоспағанда) олардың өрт қауіптілігіне сай өртке қарсы режимді қамтитын өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықты бекітеді.

Ұйым басшысы өрт сөндіру және өрт сигнализациясы қондырғыларының, өрт кезінде адамдарды құлақтандыру және оларды эвакуациялауды басқару, түтіннен қорғау және өртке қарсы сумен жабдықтау жүйелерінің, өртке қарсы жабдықтар мен өрт техникасының, өртке қарсы есіктердің, клапандар мен люктердің, өртке қарсы қалқалардағы, үй-жайлардағы, ғимараттар мен құрылыстардағы ойықтарды өзге де толтырғыштардың, адамдарды қорғау және құтқару құралдарының болуын, жобалау құжаттамасына сәйкес келуін және олардың үнемі жарамды жұмыс күйінде болуын қамтамасыз етеді.

Ғимараттардың өртке қарсы қорғау жүйелері мен техникалық құралдарының (өрт сигнализациясы және өрт сөндіру қондырғыларының, түтіннен қорғау, өрт кезінде адамдарды құлақтандыру және оларды эвакуациялау жүйелерінің және қол өрт сөндіргіштерінің) тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін ұйым басшысының бұйрығымен өртке қарсы қорғау жүйелерін үздіксіз пайдалануды, бастапқы өрт сөндіру құралдарын сатып алуды, жөндеуді, олардың сақталуы мен іс-әрекетке әзірлігін, техникалық қызмет көрсетуді және жоспарлы-алдын ала жөндеуді уақтылы және сапалы жүргізуді қамтамасыз ететін адам тағайындалады.

Өрт сөндіргіштерді пайдалану және техникалық қызмет көрсету стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Ұйымдардағы кезекші персоналдың үй-жайларында телефон орнатылған орындарда, эвакуациялау жоспарлары, өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықтар «101» өртке қарсы қызмет пен «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметтің телефон нөмірлері көрсетілген тақтайшалар ілінеді. Кезекші персонал өзіне жүктелген функцияларға сәйкес ғимараттың барлық есік құлыптарының кілттері жиынтығымен қамтамасыз етіледі.

Кілттердің қосалқы жиынтығы ғимараттың бірінші қабатындағы кезекші персоналдың (күзет) үй-жайында сақталады.

Әрбір кілт оның қай құлыпқа тиесілі екендігі жазылған биркамен қамтамасыз етіледі.

Кезекші персонал телефоны бар үй-жайға жайғасады және түнде ғимаратта қалған адамдарды есепке алу журналын еркін нысанда жүргізеді.

Өртке қарсы қорғау жүйелерінің техникалық құралдарына техникалық қызмет көрсету және жоспарлы-алдын ала жөндеу бойынша жұмыстарды, бастапқы өрт сөндіру құралдарының болуын және олардың жай-күйін тексерулерді есепке алу еркін нысанда толтырылатын арнайы журналда немесе техникалық қызмет көрсетуді және жоспарлы-мәжбүрлі жөндеуді басқарудың автоматтандырылған жүйесінде көрсетіледі.