ҒИМАРАТТАР МЕН ҚҰРЫЛЫСТАРДЫҢ ЭЛЕКТР ҚОНДЫРҒЫЛАРЫН ҰСТАУ КЕЗІНДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТӘРТІБІ
Электр қондырғыларының барлық ток жүргізу бөліктері, тарату құрылғылары, аппараттары мен өлшеуіш аспаптары, сондай-ақ бөлгіш түріндегі сақтандыру құрылғылары, ажыратқыштары, іске қосатын аппараттары мен аспаптары тек жанбайтын негізге орнатылады.
Сымдар мен кабельдердің талсымдарын жалғау, ұштау және тармақтау өртке қатысты қауіпті ауыспалы кедергілерді болдырмау үшін сығымдау, дәнекерлеу, балқытып біріктіру немесе арнайы қысқыштар көмегімен жүргізіледі.
Сымдар мен кабельдердің талсымдары жалғанатын және тармақталатын жерлері, сондай-ақ жалғаушы және тармақтаушы қысқыштар осы сымдар мен кабельдердің тұтас жерлері талсымдарының оқшаулағышына тең етіп оқшауланады.
Оқшаулағыш тіреуіштерде төселген сымдардан басқа, сымдар мен кабельдердің жалғанымы мен тармақталуы жалғаушы және тармақтаушы қораптарда, жалғаушы және тармақтаушы қысымдардың оқшауланған корпустарында, құрылыс конструкцияларының арнайы қуыстарында, электр орнату бұйымдарының, аппараттардың және машиналардың корпустарының іштерінде орындалады. Оқшаулағыш тіреуіштерде төсегенде сымдарды жалғау немесе тармақтау тікелей оқшаулағыштың жанында, клицтерде немесе олардың үстінде, сондай-ақ роликте орындалады. Жалғаушы және тармақтаушы қораптар қорғағыш қақпақтармен қамтамасыз етіледі.
Үй-жайлардағы электр қондырғылары мен электр аспаптары жұмыс уақыты (ауысымы) аяқталғаннан кейін тоқсыздандырылады.
Авариялық жарық түсіру, өрт сөндіру және өртке қарсы сумен жабдықтау қондырғылары, өрт және күзет-өрт сигнализациясы кернеуде қосулы болады. Электр қондырғылары мен электр техникалық бұйымдарды (оның ішінде тұрғын үй-жайларда), егер бұл олардың функционалдық мақсаты мен негіздеме және (немесе) дайындаушы-зауыттың пайдалану жөніндегі нұсқаулық талаптарында көзделсе, кернеуде қалдыруға жол беріледі.
Электр берудің әуе желілерін жанғыш шатырлардың, бастырмалардың, сондай-ақ жанғыш заттардың, материалдар мен бұйымдардың ашық қоймаларының (қатарлардың, маялардың), А, Б, В1-В4 санаттарындағы жарылыс-өрт және өрт қауіптілігі бойынша сыртқы технологиялық қондырғылардың үстіне төсеуге және пайдалануға жол берілмейді.Электр қозғалтқыштары, шырағдандар, өткізгіштер, тарату құрылғылары жанғыш тозаңнан айына кемінде екі рет, ал шаң көп бөлінетін үй-жайларда айына кемінде төрт рет тазартылады.
Электр қондырғыларын пайдалану кезінде:
— дайындаушы зауыттың нұсқаулығында жазылған қауіпсіздік талаптары бұзылған электр желілері мен электр энергиясын қабылдағыштарды, өрттің шығуына (ұшқындауға, қысқа тұйықталуға, кабельдер мен сымдардың оқшаулағышының шамадан тыс қызуына, автоматты басқару, аварияға қарсы және өртке қарсы қорғау жүйелерінің істен шығуына) әкелуі мүмкін ақаулары бар электр қабылдағыштарын пайдалануға, сондай-ақ оқшаулағышы зақымданған немесе қорғағыш қасиеттері жойылған электр сымдары мен кабельдерін пайдалануға;
— электр энергиясын қабылдағыштарды дайындаушы зауыт көздеген конструкция мен қорғау жүйелерін, оның ішінде бүлінген және бекітілмеген электр қондырғылары бұйымдарын пайдалануға;
— конструкциясында көзделген жылу реттегіштер болмаған немесе ақау болған кезде электр қыздырғыш аспаптарын қолдануға;
— электр үтіктерді, электр плиткаларын, электр шәйнектерін және басқа электр қыздыру аспаптарын дайындаушы зауыттың нұсқаулығында көзделген болса, өрттің шығу қаупін болдырмайтын арнайы тұғырықтарсыз (қоректендіру цокольдерінсіз, қыздырғыш дөңгелектерсіз) пайдалануға;
— стандартты емес (қолдан жасалған) электр қыздыру аспаптарын қолдануға, калибрленбеген балқығыш ендірмелерді және шамадан тыс жүктеме мен қысқа тұйықталудан қорғайтын қолдан жасалған аппараттарды пайдалануға;
— электр қалқандарының, электр қозғалтқыштарының және іске қосу аппаратурасының жанына өрт қауіпті және (немесе) жарылыс-өрт қауіпті заттар мен материалдарды орналастыруға (қоймалауға);
— жарылыс қаупі және өрт қаупі бар аймақтарда дайындаушы зауыттың жарылыстан және (немесе) өрттен қорғау деңгейі мен түрінің белгілеуі жоқ электр жабдығын қолдануға жол берілмейді.
Стационарлық жабдықтың, күштік және жарықтандыру желісінің электр сымдарының жай-күйін тексеру, сымдардың, кабельдер мен жерге тұйықтау құрылғыларының оқшаулағышының кернеуін сынау және өлшеу Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекіткен мерзімде жүргізіледі.
Электр қондырғылар мен тұрмыстық электр аспаптарының ақаулары анықталған кезде олар дереу токтан ажыратылады. Оларды тек ақаулар жойылғаннан кейін ғана қайта қосуға жол беріледі.
Уақытша электр желілерін орнатуға және пайдалануға жол берілмейді.
Тасымалды шамдар қорғағыш шыны қалпақтармен және торлармен жабдықталады. Осы шамдар мен тасымалды электр аппаратурасы үшін иілгіш кабельдер мен мыстан жасалған сымдар қолданылады.
Құрылыс алаңындағы уақытша электр сымы оқшауланған сымнан жасалып, арқанға ілінеді және жұмыс орындарынан кемінде 2,5 м, өтетін жерлерден 3 м, өту жолдарынан 6 м биіктікте берік тіреулерге орнатылады.