ЕРЕЖЕ ЕСКЕРІЛУІ ТИІС

Кез келген ғимараттар мен құрылыс нысандарында пештерді жағуды жылыту құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулық алған адамдар жүргізеді.

Ғимараттар мен құрылыстарда (тұрғын үйлерді қоспағанда) пеш жағу жұмыс аяқталғанға дейін кемінде екі сағат бұрын, ал тәулік бойы адамдар болатын объектілерде ұйықтағанға дейін екі сағат бұрын тоқтатылады.

Балалар күндіз болатын балалар мекемелерінде пеш жағу балалар келгенге дейін кемінде бір сағат бұрын аяқталады.

Шатырларда түтін құбырлары мен түтін арналары өтетін қабырғаларды объектілердің иелері әктеуі қажет.

Жылу беру маусымы басталар алдында ұйымдардың басшылары мен жеке тұлғалар жылыту аспаптары мен жүйелеріне қызмет көрсетуді ұйымдастырады. Ақаулы пештер мен жылыту аспаптарын пайдалануға жол берілмейді.

Жылыту пештері мен жүйелерінің түтін құбырлары, мұржалары, элементтері тікелей жылу беру маусымының алдында, сондай-ақ жылу беру маусымы ішінде кемінде:

— үш айда бір рет – жылыту пештері үшін;

— екі айда бір рет – үздіксіз от жағылатын пештер мен ошақтар үшін;

— айына кемінде бір рет — асхана плиталары және үздіксіз (ұзақ мерзімді) от жағылатын пештер тазартылып тұрады.

Отын беру жүйесінен сұйық отынның ағуына немесе газдың ағып кетуіне жол берілмейді.

Жылу генераторларын орналастыру және пайдалану дайындаушы зауыттың техникалық құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Жылу генераторларын пайдалану кезінде:

— отын өткізгіштердің герметикалығы бұзылған аппаратта және ондағы тиек клапаны ақаулы болса, форсунка корпусы жылу шығаратын аппаратпен тығыз жалғанбаса, түтін жолдары, электр қозғалтқыштары мен қорғау аппараттары жарамсыз болса, сондай-ақ электр қозғалтқыштың жылу қорғағышы болмаса және өзге де ақаулықтар кезінде жұмыс істеуге;

— ашық отын бактары бар аппаратта жұмыс істеуге;

— аппарат пен шығыс бактарының жанында жану тобы Г3-Г4 материалдарынан жасалған қоршаулар орнатуға;

— отын өткізгіштерді ашық отпен қыздыруға;

— жұмыс істейтін қоспаны көру тесігі арқылы жағуға;

— жылу шығаратын аппарат жұмыс істеп тұрған кезде шырақтардың электродтары арасындағы саңылауды реттеуге;

— жұмыс істеп тұрған жылу шығаратын аппараттарды қараусыз қалдыруға немесе оларды қарауды балаларға тапсыруға жол берілмейді.

Сұйық отынмен жұмыс істейтін аппараттар авариялық төгілу кезінде отын багындағы бүкіл отын мөлшері сиятын металл науаға орнатылады. Көрсетілген науаға құм немесе басқа да жанбайтын адсорбент толтырылады.

Тұрғын үй-жайларда тұтану температурасы 61oС-ден төмен сұйық отынмен жұмыс істейтін жылу беру аппараттарын, сондай-ақ жылу беру жүйелерінде жылу тасымалдағыш ретінде ыстық сұйықтықтарды пайдалануға жол берілмейді.

Сұйық, қатты және газ тәрізді отынмен жұмыс істейтін жылу беру аппараттары ақаусыз есіктермен және жанғыш конструкциялардан нормаларда белгіленген өртке қарсы бөлгіштермен (жылжытқыштармен) қамтамасыз етіледі.

Жылыту қазандықтары мен жылу беру қондырғыларының әрбір форсункасының жанындағы отын құбырында кемінде екі вентиль орнатылады: біреуі – пештің оттығының жанында, екіншісі – отын салынған сыйымдылықтың жанында.

Елді мекендерде ұйымдарды және тұрғын үйлерді жылытуға арналған орталық қазандықтарды пайдалану кезінде:

— сұйық отынды осы мақсаттарға арналмаған үй-жайларда сақтауға;

— жабдықты пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарда көзделмеген жанғыш заттарды (қатты, сұйық, газ тәрізді) отын ретінде қолдануға;

— отын беру жүйелерінен сұйық отын аққан немесе газ шыққан кезде жылу бөлу қондырғыларын пайдалануға;

— оттықтарды алдын ала үрлемей қондырғыны жағуға және форсункалар немесе газ жанарғылары жанбаған кезде отын беруге;

— жанғыш материалдарды қазандықтарда немесе бу өткізгіштерде кептіруге жол берілмейді.

— Пешпен жылу беруді пайдалану кезінде:

-от жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды қадағалауды балаларға тапсыруға;

— жағу үшін дайындалған отынды, сондай-ақ басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пештің алдындағы табаққа орналастыруға;

— қатты отын жағылатын пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға;

— пештің нақты бір түріне арналмаған отын түрлерімен пешті жағуға;

— үй-жайларда жиналыстар мен басқа да көпшілік іс-шаралар өткізу уақытында пештерді жағуға;

— пештерді шамадан тыс қыздыруға;

— жанғыш заттар мен материалдарды пештер мен түтіндіктердің бетінен 0,5 м кем қашықтықта кептіруге;

— ысырмаларды (жаппаларды) жобалау нормаларында көзделген ойықтарсыз қолдануға;

— желдету және газ арналарын түтіндіктер ретінде қолдануға, транзиттік түтіндіктерді тұрғын үй-жайлар арқылы төсеуге жол берілмейді.

Құрамында қыздырылған және бықсыған материалдар бар күл мен шлак оттықтан шығарылғаннан кейін өрттің шығу мүмкіндігін болдырмайтын, осы үшін арнайы бөлінген жерге шығарылады және оларға су құйылады.

Жанғыш заттарды, материалдарды, бұйымдар мен жабдықты пештердің оттықтарының саңылауларына дейін кемінде 1,25 м және пештердің басқа қыздырылатын бөліктеріне дейін кемінде 0,7 м қашықтықта орналастыруға жол берілмейді.

Қатты отынмен жұмыс істейтін қазандық қондырғыларының түтін құбырлары ұшқын сөндіргіштермен жабдықталады.

Отын (көмір) осы үшін арнайы бейімделген үй-жайларда немесе жанатын құрылыстардан 8 м алшақ орналасқан, арнайы бөлінген алаңдарда сақталады.

Зауытта дайындалған пештерді өнеркәсіптік кәсіпорындардың жатақханаларының, әкімшілік, қоғамдық және тұрмыстық ғимараттарының үй-жайларында, тұрғын үйлерде орнатқан кезде осы өнім түрлерін өндіруші зауыттардың нұсқаулығының талаптары, сондай-ақ жылу беру жүйелеріне қойылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптары орындалады.