ТАЗАЛЫҚ ІСІ БАСТЫ БАҚЫЛАУДА
Үшінші мегаполиске келетін туристер саны жыл өткен сайын арта түсуде. Осындай келген қонақтың қала тазалығына айрықша назар аударары белгілі. Ал бұл бағытта қалада жемісті жұмыс істеліп келеді. Мәселен, бір ғана Әл-Фараби ауданындағы 102 көшеге 900-ден астам қоқыс жәшіктері орнатылған. Осы орталық көшелердегі 200-ден астам аялдама мен 400-дің үстіндегі қоқыс жәшіктерін таңертең және кешке жинауға «Build stroi» мердігер мекемесі тарапынан 10 техника мен 180 коммуналдық қызметші жұмылдырылып отыр.
Аудан орталығындағы халық көп шоғырланған 87 аялдама мен 172 қоқыс жәшігін күніне 3 рет тазарту үшін мердігер мекеменің қосымша мобилдік 4 техника мен 30 қызметші жұмыс істейді. Осы және өзге де бағыттардағы жұмыстар күнделікті кесте бойынша жүзеге асып жатыр. Атқарылған жұмыстар жайы аудандық әкімдіктің жіті бақылауында. Осы орайда, қала тазалығына әрбір тұрғынның айрықша үлес қосарын баса айтқымыз келеді. Қоқысты арнайы жәшіктерге тастап, қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әлеуметтік жауапкершілік және әр азаматтың міндеті. Мұны тұрғындар жадтан шығармаса игі. Айта кету керек, Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты саябақтардың ирригациялық жүйелерін тазалау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда Наурыз, Жайлаукөл, Абай саябақтары мен Шәмші, Нұрсат гүлзарлары және Ордабасы алаңында тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылуда. Сонымен қатар қала аумағындағы басқармаға қарасты 37 субұрқаққа консервациялау жұмыстары жүргізілді. Атқарылып жатқан жұмыстар басқарма тарапынан қатаң бақылауда. Мердігер мекемеге қарасты 300 жұмысшы, 52 дана арнайы техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, 29-30 қазандағы жауын салдарынан Қаратау ауданына қарасты бірқатар елдмекендерде алдын алу жұмыстары жүргізілді. Тосыннан болатын табиғаттың жайсыз құбылыстарының алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады. Басты міндет — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.