ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Тұрғындар жиі көтеретін негізгі мәселелердің бірі — сапалы электрмен қамту. Бұл бағытта еліміздің түкпір-түкпірінде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар көп. Мәселен, жуырда Еңбекші ауданына қарасты Оңтүстік жаңақұрылыс аумағын сапалы электр қуатымен қамту құрылысы аяқталды.
Жобаға сәйкес сапалы электр қуатымен қамтылатын барлығы 933 үй болса, бүгінде аталған аумақта тұратын үй саны 20-ға таяу. Қазіргі уақытта электр тарату бекеттері мен трансформаторларға электр қуаты берілді. Ендігі кезекте, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Құрылыс жұмысы барысында 18 электр трансформаторы, қуаттылығы 10 кВ құрайтын 1 электр тарату бекеті орнатылды. Сонымен қатар, 28,5 шқ 10 кВ-тық және 52,2 шқ 0,4 кВ-тық электр желісі тартылды. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының энергетикалық әлеуетін 2025 жылға дейін даму жоспарына сәйкес, 6 дана қуатты таратушы қосалқы станциялар салу жоспарланған. Олар «Ынтымақ» 110/10 кВ, «Қызылсу» 220/110/10 кВ,, «Жұлдыз» 220/110/10 кВ, «Тұран» 110/10 кВ, «Шымсити» 110/10 кВ, «Ипподром» 110/10 кВ. Айта кету керек, аудандағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың электр жүйесімен қамту көрсеткіші мемлекеттік 96,5%, жекеменшік жүйе 2,5%, ал, қамтылмаған 1% жаңақұрылыс учаскелері құрады. Жалпы абонент саны 66 283 құрайды . Еңбекші ауданына қарасты 9 тұрғын алаптағы жекеменшік жүйедегі және қамтылмаған 3%-ды сапалы электр қуатымен қамту мақсатында жаңа электр желісі тартылды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, әрбір үйді абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қортындысымен сапалы электр қуатымен қамту көрсеткішін 99,8%-ға жеткізу жоспарда бар. Бұдан бөлек, Еңбекші ауданында 2022 жылы 34 көшені жарықтандыру жоспарланған. Қазіргі таңда 18 көше жарықтандырылды. Жыл соңына дейін 16 жарықтандырылады. 2023 жылға – 15 көшені жарықтандыруға жобалау сметалық құжаттамалар әзірленді. Қосымша 15 көшені жарықтандыруға нақтылау жұмыстары жүргізілуде.