ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРЛЕРІ  ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар  басқармасының қызметкерлері 10-11сынып оқушыларымен кездесті,-деп хабарлайды uakit.kz.

Қаладағы №20 Р. Исетов атындағы жалпы орта мектепте өткен іс-шара кезінде басқарма қызметкерлері «М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына» оқуға түсудің талаптарын түсіндірді. Өз кезегінде басқарманың аға инженері Мұстафа Ишметов аталған академия туралы:

– Көкшетау қаласында орналасқан аталған оқу орны «Өрт қауіпсіздігі», «Төтенше жағдайларда қорғау», «Өрт сөндіру және авариялық құтқару ісі», «Азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық күштері» мамандықтары бойынша білім береді. Осы мамандықтардың ішінен өздеріңіз таңдаған мамандық бойынша білім алатын болсаңыздар Сіздерді бюджет есебінен оқытады. Академияның курсанты болсаңыз барлық оқу кезеңінде тамақпен, киім-кешекпен жəне мемлекеттік шəкіртақымен қамтамасыз етілесіздер.  Сонымен қатар каникулярлық демалыс кезіндегі жол ақысы төленеді. Оқу мерзімі  4 жыл. Ер балалар 1 курстан 3 курсқа дейін академия жатақханасында, 4 курста өз есебінен жатақханадан тыс жерде Көкшетау қаласында тұрады. Ал қыз балалар барлық 4 курс өз есебінен жатақханадан тыс жерде Көкшетау қаласында тұрады. Білім алу уақыты əскери қызметті өтеу уақытына теңеледі. Академияға түсуге ынта білдірген кез келген жас тұрғылықты мекен-жайы бойынша аумақтық Төтенше жағдайлар департаменттерінің кадр саясаты бөлімдеріне өтініш бере алады,-деді.

Сонымен қатар ол академияға түсу талаптарын да таныстырды. Бұл туралы ол:

– Күндізгі оқу түріне қабылдау 4 кезеңнен  тұрады. Ең әуелі қабылдау комиссиялары үміткерлердің жеке істерімен танысады. Содан соң медициналық жəне психофизиологиялық көрсеткіштері бойынша оқуға түсуге денсаулығының жарамдылығын анықтау мақсатында іріктеу жүргізіледі. Одан кейін үміткерлер бекітілген нормативтерге сəйкес дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтар тапсырады. Бұл сынақтан кейін кабылдау комиссиясы конкурстық іріктеу жүргізеді жəне Академия курсанттары қатарына қабылдайды. Сонымен қатар шетелдердің бейінді оқу орындарына іріктеу жасайды,-деді.

Сондай-ақ ол, дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтар кезеңінде  100 метрге жүгіру,  1000 метрге жүгіру, турникке  тартылу, денені жерден көтеру (отжимания) сынды жаттығуларды жасауға бұлшықеттердің қаншалықты жаттыққаны сыналатынын атап өтті.

Кездесу кезінде Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері Әбді Досмұхамед оқушыларға өрт қауіпсіздігін сақтауды ескертті.

Өз кезегінде ол оқушыларға пешті жақпау, оның маңына киім, аяқ киімдерді кептірмеу, жанғыш сұйықтықтарды пешке жақпауды ескертті. Балалардың қатысуымен немесе олардың құрбан болуымен болған өрт оқиғалары туралы нақты масалдар келтіріп, электр құралдарын қолданудың ережелерін түсіндірді. Әсіресе телефонды қуаттандыратын құрылғыларды қолданып болған соң оны розеткадан ажыратуды әдетке айналдыруды айтты. Сонымен қатар алдағы мереке мен демалыс кезінде пиротехникалық өнімдерді қолдануда аса сақ болуды ескертті.