БІЛІМ ОРДАСЫ БОЙ КӨТЕРДІ

Білім саласына салынған қаржы өзін еселеп ақтайды. Қала берді, аталған сала барлық саланың түп бастауы саналады. Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде білім саласының дамуына айрықша назар аударылып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа білім ордалары бой көтеруде. Соның бір жарқын мысалы ретінде Шымкент қаласының «Елтай» тұрғын алабында ашылған 650 орындық жаңа мектепті айтуға болады.

Бұған дейін елді мекеннің оқушылары 4 шақырым қашықтағы көрші ауылдың мектебінде білім алып келген. Жаңа ғимарат аталған түйткілді мәселені шешіп отыр. Жаңа білім ордасы заманауи құрал-жарақпен жабдықталған. Биология, химия, физика зертханалары және кең спорт залы бар. Ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек қатысты. Жиында «Биыл Шымкент қаласында 40-қа жуық мектеп ашылады. Үш ауысымды мектеп 9 дан 4-ке азайды, келер жылы тіпті болмайды. Бүгін міне елтайлықтар үшін үлкен қуаныш. Бұл мектеп бір ауысымды болады. Түске дейін балалар білім алады, түстен кейін қосымша үйірмелерге қатысады. Жалпы, келешекте барлық мектеп осындай бір ауысымды болуы тиіс» — деді Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Жаннат Тәжиева. Жеке кәсіпкер салған мектепте білім беру жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттен қаржыландырылады және тегін, оқушыларды тасымалдау үшін де арнайы автобус қаралған. Мемлекет бағдарламасы балаларымыздың сапалы білім алуы үшін өте тиімді.

Ашылу салтанатында сөз алған мектеп директоры Ақмарал Көмекқызы «Біздің мақсатымыз — тек қана білім беру емес, оқушылардың берген білімді меңгергеніне көз жеткізу. Сол үшін БИЛ, НЗМ, iQaanat сияқты мектептер пайдаланатын EDUCON компаниясының ақпараттық технологиясын қолдана отырып, оқушы өткен сабақты бойына сіңіріп алғанша оқытамыз. Түсінбеген тақырыбын үйде отырып, видео сабақтар арқылы қайталай алады. Мұғалімдер мен ата-аналар оқушының барлық пәндер бойынша үлгерімін жыл бойы бақылап отыра алатын болады» деп атап өтті.

Ашылу салтанатының соңы ақ дастарханға жайылған дәмнен ауыз тиюмен жалғасын тапты. Ауылдың қариялары мектеп ұжымы мен оқушыларға сәттілік тілеп, баталарын берді. Міне, осылайша елтайлықтардың көкейтесті мәселесіне айналған тағы бір түйткіл шешімін тапты.