КЕЗЕКТІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

91
0
Шымкентте тәулігіне 5 тонна кондитерлік өнім өндіретін зауыттың қазығы қағылмақ. Жоба жүзеге асқан жағдайда 200 азамат жұмыспен қамтылмақ.
Бұдан бөлек, 260 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін, жылына 24,8 млн. жұп шұлық өндіретін зауыт құрылысы басталуы ықтимал. Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен инвестициялық штаб отырысында баяндалды.
Сала басшылары мен инвесторлар басқосқан жиында жалпы 9 жаңа жобаның таныстырылымы өтті.
● «Турсуметова Г.А» ЖШС басшысы Гульноз Абдукахарқызы «Бозарық» агро-индустриалды аймағынан ет, жеміс-жидек, көкөніс жартылай дайын өнім консервілері өндірісін ашуды көздейді. 1,1 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 15 147,5 тонн өнім болмақ. 2023-2024 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 135 адам жұмыспен қамтылады.
● «RailNTEX» ЖШС басшысы Таир Битенбаев «Оңтүстік» индустриалды аймағынан 5 га жерге өндірістік зауыт салуға ниетті. Инвестициялық салымы – 4,7 млрд. тенгені құрайтын тоқыма және тігін өнімдерін шығаратын өндіріс ошағы бой көтергенде жылына 12 млн. метр өнім өндірілетінін алға тартып, 100 адам жұмыспен қамтылатынын мәлімдеді.
● Сонымен қатар басқосу барысында жекеменшік мектеп, жылыжайлар және басқа да өндіріс орындарын ашу жөніндегі бірқатар жобалар ұсынылды. Аталған жобалар жүзеге асқанда қала экономикасына 34,4 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1200-ден аса азамат жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Инвестициялық штаб отырысында қала әкімі тиісті басқарма басшылары мен жауапты сала мамандарына инвесторларға инженерлік инфрақұрылым, коммуналдық жүйелерімен қамтамасыз етуді қадағалауды тапсырды.
-Қаламыздың инвестициялық мүмкіндіктерімен қатар экономикалық жағдайы да күн санап артып келеді. Қызығушылық танытқан әрбір инвесторға мемлекет тарапынан жасалатын кез келген қолдауды көрсетуге әзірміз,-деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Жиын соңында шаһар басшысы Шымкент қаласының 2021-2022 жылдары бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақстан Республикасының үздік өңірі ретінде танылуына атсалысқан 14 азаматты арнайы алғыс хаттармен марапаттап, алдағы уақытта да қаламыздың кәсіпкерлік саласы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса берулеріне тілектестік білдірді.