М.ӘЙТЕНОВ АУДАНДАРДЫҢ ШЕКАРАСЫ ӨЗГЕРУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖОЛ КАРТАСЫН ӘЗІРЛЕУДІ ТАПСЫРДЫ

100
0
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші аудан тұрғындарымен кездесті. Жаңа ауданның құрылуына байланысты “Еңбекші” ауданының шекарасы өзгергенін айтып, осыған байланысты атқарылуы тиіс жұмыстардан халықты хабардар етті.
Былтырдан бастап аталған аумақтағы «Қарабастау», «Жұлдыз» және «Жалын» тұрғын алаптарын инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету үшін күрделі жобалар жүзеге асырылуда.
Ауыз су бойынша негізгі халық шоғырланған аумақтар қамтылған. Жаңақұрылыс аумағындағы «Қарабастау» тұрғын алабында 1470 абонент, Жұлдыз тұрғын алабында 484 абонентті сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары осы жылдың күз айларында толық аяқталатын болады. Осы және өзге де шешімін табатын мәселелерді тізіп айтқан шаһар басшысы аудан әкімі Досбол Есілбектің атқарған жұмыстары бойынша баяндамасын тыңдады.
Бұдан соң “Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау” басқарма басшысы баяндама жасап, қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқарма басшысы мен Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқарма басшысы мемлекеттен берілетін көмек түрлеріне кеңінен тоқталып, халықты арнайы жобалармен таныстырды.
Жергілікті тұрғындар мен билік арасында ашық диалог орнап, 20-дан астам күрмеуін күткен мәселе қозғалды. Көпшілік газ құрылысының мерзімінде бітуін, жол, жарық сапасы мен ирригациялық жүйлермен қамтылуды сұрады.
Өз кезегінде Мұрат Дүйсенбекұлы кездесуде көтерілген барлық мәселе толық назарға алынып, тікелей өз бақылауында болатынын жеткізді. Аудан әкімі Д.Есілбекке тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу бойынша тиісті басқармалармен бірлесіп, жол картасын әзірлеуді тапсырды. “Жол картасында мәселені түпкілікті шешкенге дейінгі қадамдық жоспарын көрсетіп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіз. Басқарма басшылары, жобалық сметалық құжаттар әзірлеп, келесі бюджеттік нақтылауға ұсыныңыздар”-деді әкім.