БИЛЕТІ ЖОҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕН ТҮСІРУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

123
0
Былтыр жол жүру құжатын алмаған балаларды қоғамдық көліктен шығарып тастау оқиғалары жиі орын алған. Соған қатысты ата-аналардың арыз-шағымдары да көбейген.
2023 жылдың III тоқсанына дейін жол жүру билеті жоқ балаларды қоғамдық көліктен түсіруге заңмен тыйым салу мәселесі реттеледі. Аталған шараға бюджеттен қаражат бөлінбейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында жазылған.
Бұл ретте кәмелет жасына толмаған балалардың қаза болуына немесе жарақаттануына әкеп соққан жазатайым оқиғалардың бірыңғай статистикалық есебі әзірленеді.
«Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның жанынан кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылады. Оған қоса, жол жүру құжаты жоқ балаларды автобустан түсіруге тыйым салу мәселесі реттеледі», делінген кешенді жоспар мәтінінде.
Министрлік нақтылағандай, балаларды қорғауға бағытталған бірқатар шара келесі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
• балаларға қатысты зорлық-зомбылық сипаттағы қылмыстар 2%-ға азаяды;
• кәмелет жасына толмағандар арасында суицид жасау немесе оқталу 1,5%-ға төмендейді;
• жыл сайын қосымша біліммен қамтылатын балалар саны 5%-ға артады;
• төтенше жағдай, жол-көлік оқиғасы және басқа да жазатайым оқиғадан көз жұматын балалар саны азаяды;
• балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының тиімділігі артады.