AMAZON МЕН ALIEXPRESS ТАУАРЛАРЫН ҚАЗАҚСТАНҒА ЖЕТКІЗУ ҚҰНЫ АРЗАНДАЙДЫ

140
0

Енді шетелдік онлайн дүкендерден сатып алынған тауарды Қазақстанға жеткізу мерзімі қысқарады, бағасы арзандайды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі «Самұрық-Қазына» қорының Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Осы күндері Лондонда «Leaders in Logistics» салалық логистикалық саммиті өтіп жатыр. Оған Қазақстан атынан қатысып жатқан «Қазпошта» басшысы Әсел Жанасованың дерегінше, қазір компания Amazon және AliExpress сияқты халықаралық онлайн платформалардан сатып алатын тауарларды елімізге тез әрі арзан бағамен жеткізу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Оның айтуынша, бүгінде Amazon-нан алынған тауарды Қазақстанға жеткізу құны — 75 доллар. Ал, оларды елге әкелуге 30 күнге жуық уақыт кетеді.

«Лондондағы форум аясында «Қазпошта» басшысы эстониялық «Omniva» поштасының басшысы Марта Маги және «Cainiao Europe Parcel Network» логистикалық компаниясының бас менеджері Деннис Лимен келіссөз жүргізді. Оның нәтижесінде қазақстандықтар үшін тауарды Amazon, Alibaba, Aliexpress және Lazada онлайн сауда платформаларынан жеткізу сервистерін жақсарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Енді биылдан бастап Amazon-нан сатып алынған тауарды елімізге жеткізу мерзімі қысқарады және оның құны 8 есе арзандап, 7-9 доллар болады», — делінген қордың Telegram арнасында жарияланған хабарламада.