ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ШАРУА ШАШ-ЕТЕКТЕН
Шымкент қаласында әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Бұл жөнінде өткен аптада үшінші мегаполистегі ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында Шымкент қаласы бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы Бақтияр Өнербаев айтты. Баспасөз жиынында айтылған тақырыптарға кеңінен тоқталып өтейік…
Шымкент қаласы бойынша зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 184 мыңнан астам азаматты құрайды. Бүгінгі таңда азаматтарға әлеуметтік төлемдерге қатысты мемлекеттік қызмет көрсетудің 13 түрі бойынша қызметтер көрсетілуде. 2022 жылы жаңадан тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылардың және қайта қаралған төлемдердің саны – 166 398 құрайды. Оның ішінде, жаңадан тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылар саны – 80 044, қайта қаралған зейнетақы мен жәрдемақылар саны – 86 354. Өткен жылы 33 өтініш бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден және 2166 мемлекеттік кепілдік төлеуден бас тартылды. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылып, есеп беру кезеңiнде мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмдерiн бұзу және заңсыз тағайындалған төлемдер жоқ. 210 іс құжат бойынша зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындауға өтініш берушілер тарапынан ұсынған құжаттардың дұрыстығын растау үшін уәкілетті ұйымдарға сұраныс хаттар жолданғанын да айта кету керек.
Жиын барысында жастарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жалпы жыл сайын 300 мыңнан астам жас еңбекке қабілетті жасқа жетеді. Қазақстанның еңбек нарығының болашағын жастар айқындайды. Қазіргі уақытта олар жұмыспен қамтылғандардың 60%-ын құрайды, ал 2030 жылға қарай олардың үлесі Қазақстанның барлық жұмыс күшінің 80% -ынан асады. Осы мақсатта әлеуметтік лифтілер жүйесін құру және жастарды қолдау бағдарламаларындағы тәсілдерді қайта қарау қажет. Қолдау шараларының бірі – мемлекет басшысының жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5%-дан жеңілдетілген шағын несие беруі болады. Қазіргі уақытта берілетін гранттар сомасы жастардың, әсіресе стартаптар үшін барлық жағдай жасалған мегаполистер мен облыс орталықтарында өз ісін ашуы үшін жеткіліксіз екенін мойындау керек.
Брифинг барысында отбасының цифрлық картасы да сөз болды. Отбасының цифрлық картасы – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындауға және оларға проактив форматта кепілдік берілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе. Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді. Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн отбасы және 19 млн оның мүшелері туралы деректер қамтылған, сондай-ақ «отбасы портреті» деп аталатын деректер қалыптастырылған. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін – әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап – жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілді. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады. 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.