ШЫМКЕНТТЕ АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ

48
0
Үшінші мегаполистегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Тарихи тұлғалар: ұлттық тәрбие және сабақтастық» республикалық форумы өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған форум ұлт тарихындағы кемеңгер тұлғалардың парасат пайымын зерделеу, олардың тәлімдік қасиетін жаңғырту, ұлттық тәрбие желісін сақтап, бүгінге жалғастыру міндетін көздейді.
Форумға министрлік өкілдері, республикадағы жоғары оқу орындарының әлеуметтік және тәрбие істері бойынша проректорлары, мемлекеттік органдардан да жауапты мамандар қатысты. Форум «Ұстазға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. ОҚМПУ бас ғимаратында меймандар «Ұлы дала елі – өркениеттер тоғысында» археологиялық көрмесімен танысып, студенттердің қолөнер туындыларын тамашалады.
Алқалы жиынға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы қатысып, форум қатысушыларына құттықтауын жеткізіп, биік азаматтық мәртебесі бар ұлы тұлғаларды құрметтеуге, олардың есімдерін халық жадында жаңғыртуға арналған елдік жиынның Шымкент қаласында өтуін үлкен мәртебе деп бағалап, халықтың тұғырлы тұлғаларының өмірлік жолы, ұлттық тәрбиеге сіңірген еңбектері бүгінгі күнге әлі өзекті екенін атап өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан ZOOM арқылы форумға қатысты. Жиналғандарды «Бабалар аңсаған парасатты, кемел ұрпақ» тақырыбындағы баяндамасымен таныстырып, ұрпақ тәрбиесіндегі бабалар ұлағатын, олардың тәрбиелік мазмұндағы кемеңгерлік ой-тұжырымдары жөнінде кеңінен мағлұмат берді. Сонымен қатар университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сүгірбаева форум қатысушыларына оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде ақпарат берді. Университет жетекшісі «ОҚМПУ трансформациясы және ұлттық код» тақырыбындағы баяндамасында ОҚМПУ 2020 жылдан бастап білім берудегі заманауи трендтерге сәйкес трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Бұл міндет сапалы заманауи білім, іргелі инновациялық ғылым, рухани құндылыққа негізделген тәрбие, дамыған инфрақұрылым басымдықтары бойынша іске асырылып жатқанына тоқталды.