САЛЫҚТЫҚ ЖЕҢІЛДІК КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН ЖҮЙЕЛЕУГЕ СЕБЕПШІ БОЛУДА

405
0

Елімізде кәсіпкерлік саланы дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылдың қыркүйегінде жариялаған «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады» деп атап өткен болатын.

Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасай отырып, бюджетке түсімдерді арттыруды тапсырған болатын. Әрине, кез келген өңір кәсіпкерлерінің көтерген мәселесін жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, оңтайлы шешу жолдарын қарастыру — басты мақсаты. Салықтық жеңілдік жасау кәсіпкерлердің өз ісін одан ары дамытуы үшін тиімді. Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласының әкімдігі де шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін бөлшек салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетті. Бұл шара кәсіпкерлерге өз ісін дамытуға, қаржылық айналымын ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен Мемлекеттік кірістер департаменті және Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдеріне бөлшек салықтың арнайы режимі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жалпы бұл салық режимі 364 түрлі кәсіпкерлік қызметті қамтиды. Қазіргі уақытта қалада осы қызмет түрлерімен айналысатын 90 мыңға жуық кәсіпкер тіркелген. Айта кететін жайт, қызметкерлер саны 200 адамнан аспайтын, жылдық табысы 600 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, Қазақстан Үкіметі бекіткен қызмет түрлеріне жататын кәсіпкерлер бөлшек салықты келесі талаптарға сай келетін кәсіпкерлер пайдалана алады.

Айта кету керек, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ретроспективті түрде бөлшек салықтың арнаулы салық режимінің (АСР) қолданылуы қайта басталды. Оған дейін бұл режим ковид пандемиясы кезінде 2021-2022 жылдары ең көп зардап шеккен экономика салаларын қолдаудың уақытша шарасы түрінде енгізілген болатын. Бөлшек салықтың АСР жеке тұлға түпкілікті тұтынушы болып табылатын сауда, қоғамдық тамақтану саласындағы қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлерді дамытуға бағытталған. Бұл режимнің артықшылығы – бұл режимді қолданатын салық төлеушілер қосылған құн салығы бойынша есепке тұрмауға құқылы, әлеуметтік салық төлеушілер емес, әр түрлі елді мекендерде қызметті жүзеге асыруға құқылы және кәсіпкерлік қызметтен алынған табысты қызметкерлер үшін еңбекақы төлеу қорының сомасына азайтады.