ҰЛТТЫҚ СУСЫНДЫ ҰЛТЫ БӨЛЕКТЕР ДЕ ТІРШІЛІК АРҚАУЫ ЕТКЕН

96
0
Шымкенттегі «Достық үйінде» бүгін бие байлап, қымыз сапыруды кәсіп еткен азаматтар өзара сайысқа түсіп, ұлттық сусынды даярлау әдісі мен тәсілдері бойынша мықтыларын анықтады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы шеңберінде өткен «Қымыз – Ұлы даланың ұлы қазынасы» іс-шарасының ерекшелігі сол, қазақтың ұлттық сусынын даярлауда тек этнос өкілдерінің мүшелері бақ сынады.
Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезіміне, рухани болмысына, тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына, мәдениеті мен өнерінің тұтас бөлігіне айналып кеткен киелі жануар екені белгілі. Қазақ баласының Қамбарата түлігін төресіндей көретіні соншалықты, оны бүткіл болмысына, жан дүниесіне балап, теліген. Қазақтың қадір тұтқан құндылығын өміріне шырақ, тіршілігіне арқау еткен азаматтар, оның ішінде этностық топ өкілдері арамыздан көптеп табылуда. Мақсат – қазақтың танымын, халқымыздың киелі құндылықтарын көпшілікке дәріптеу, олардың біріктірушілік әлеуетін пайдалана отырып, Қазақстан халқын мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру. Байқаудың қазылар алқасына кіл мықтының ішінен нағыз мықтыны анықтау оңай болған жоқ. Дегенмен, ұсынған қымызының даярлау әдісін, қымыз түрлері жөнінде кең мағлұмат берген азаматтар жоба жеңімпаздары болып танылды. Айта кету керек, ежелгі көшпелі халықтардың арасында қымыздың кең таралуын көшпенділер үшін жылқы тек көлік құралы ғана емес, сонымен қатар азық көзі болып табылатындығымен түсіндіруге болады. Көшпенділер отар мен табынмен бір орыннан екінші орынға көшкендіктен, егін егіп, жер жырта алмады, сондықтан оларға негізінен ет және сүт өнімдері, соның ішінде жылқы және бие сүті тиімді болды. Алайда бие сүтін табиғи түрде ішуге келмейтін, себебі, қатты әлсірететін әсерге ие. Көшпенділер сүтті ағзада жеңіл сіңетін сусынға айналдыруды үйренді, оның дәмі жағымды және ұзақ сақталды. Көшпенділердің жорықтарында қымыз сусын және тағам да болды. XII ғасырға жататын сипаттамаларда Ресейде шапқыншылық жасаған татарлар мен моңғолдардың ертоқымдарында қымыз салынған былғары қаптар байланып жүретіні туралы айтылады.