ТАССАЙ КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛМАҚ
Қаратау ауданындағы Тассай тұрғын алабы ауыз су, мемлекеттік жүйедегі электр жарығы толық қамтыған. Қазір табиғи газ бен кәріз жүйесін тарту жұмыстары атқарылып жатыр. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын алабқа инфрақұрылым жүйелерін тарту барысын көрді.
Қазір елді мекенді кәріз жүйесімен қамту үшін «Сарыағаш Аман» ЖШС мекемесі тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құжатына сәйкес, жүйенің жалпы ұзындығы 115,2 шақырым. Бүгінде 66,3 шақырымды құрайтын құбыр тартылып, жұмыстың 62 пайызы орындалған. Құрылысы 2021 жылы басталған нысан аяқталуы келер жылға өтпелі.
Тұрғын алабты толық көгілдір отынмен қамту мақсатында «Ремстрой» ЖШС-і құрылыс жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Одан бөлек, өткен жылы 15 км топырақ жолдарға шағал тас төселген. 2022-2023 жылдары жаңақұрылыс аумағында инфрақұрылым жүйелері аяқталған соңы асфальттанады.
Жалпы, мегаполисті газдандыру 93 пайызды құрайды. Көгілдір отынмен қаладағы елді мекендердің 42-сі толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған.
— Қазіргі уақытта 1 магистральдық және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында Тұран магистральды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, барлығы 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде, қаладағы 20 мыңға жуық адам табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. Ал 2025 жылы мегаполис тұрғындарының 100 пайызы көгілдір отынмен қамтылу жоспарлануда, – делінген әкімдіктің мәліметінде.
Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов Ақтас, Ақтас-2 шағын ауданында болып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Ақтасқа газ құбырын тарту жұмысының 65 пайызы орындалған. Тамызда ол толығымен аяқталып, нәтижесінде 225 үй көгілдір отынға қол жеткізбек. Нысан құрылысы үшін 223,6 миллион теңге қаражат қаралып, қазірге дейін оның 120 миллион теңгесі игерілді. Қазіргі сәтте ұзындығы 16,5 шақырым болған ішкі жүйелерге құбыр тартылуда.