АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ АУҚЫМЫ КЕҢ

45
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында экономиканы одан әрі монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажетін айтқан болатын. Нақтырағы «Нарықтың өзара байланысты субъектілері экономикалық әлеуетін бір жерге шоғырландыру үшін рұқсат алуға міндетті. Олардың барлық мәмілесін, соның ішінде  нарыққа тән емес бағаларды қолдану белгілері бойынша жасалған келісімдерін де мұқият тексеру керек» деген болатын ел президенті. Арада біраз уақыт өтті. Президент тапсырмасы аясында атқарылған жұмыстар да аз емес. Тарқатайық…

Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ернар Қосбаев ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз брифингін өткізді. Аталған жиында бірқатар маңызды тақырыптар қозғалды. Атқарылған жұмыстарға ойыссақ,  Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментімен бәсекелестіктің бұзылу белгілерін алдын алу бағыты бойынша 19 нарық субъектісімен монополияға қарсы комплаенс бекітілген және 31 тауар нарығына талдау жұмыстары жүргізілді. Монополияға қарсы комплаенс негізінен әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларын өндіруші және көтерме саудада сатушы мекемелермен, сонымен қатар 2 ірі желі супермаркеттерімен бекітілді. Нәтижесінде «Фиркан» және «Gramad retail» ЖШС-не тиесілі ірі желі супермаркеттерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына заңда рұқсат етілген 15 пайыздық үстеме мөлшерін 10 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілген.

Сонымен қатар нарықтағы 31 тауарға жүргізілген талдаулар қорытындысы және де келіп түскен арыз шағымдар бойынша департамент Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 199-бабына сәйкес, 29 хабарлама шығарып, нәтижесінде келесідей жағдайларға қол жеткізілді. Атап айтқанда, қаламызда жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың отыны саналатын метанды өндіретін және сататын «KZ» ЖШС және «АГНКС Казахстан» ЖШС атты 2 компания қызмет атқарады. Осы 2 компанияның нарықтағы үлесі 100 пайызды құрап, талдау қорытындысымен осы нарық субъектілерінің іс-әрекетінде ҚР КК 170-бабы, яғни бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттер бұзушылық белгілері байқалған. Талдау қорытындысымен «KZ» ЖШС-не хабарлама шығарылып, метан бағасы 106 теңгеден 104 теңгеге дейін төмендетілді.