132 МЛН ТЕҢГЕ БЮДЖЕТКЕ ӨНДІРІЛДІ

67
0

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ернар Қосбаев ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз брифингін өткізген болатын. Жүзеге асқан жұмыс аз емес. Ашып айтайық…

Департамент тарапынан 2022 жылы 3 мемелкеттік органға және 29 нарықтық субъектісіне қатысты 19 тергеп-тексеру тағайындалған. Жүргізілген тергеп-тексерулер нәтижесінде 29 нарық субъектісіне айыппұл салынып, жалпы 132 млн теңге бюджетке өндірілді. Оның ішінде айта кететін мәселе, 2022 жылдың басында сұйылтылған мұнай газын бөлшек саудада сату нарығына бәсекелестікке қарсы көлденең келісімдер, яғни бағаны бірден өсіру және ұстап тұру фактілері бойынша 5 нарық субъектісіне тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, 73,7 млн теңге айыппұл салынып, бюджетке өндірілген. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде картельдік келісімдер болуына байланысты департаментпен 17 нарық субъектісіне 38,8 млн теңге айыппұл салынды. Шымкент қаласының Прокуратурасымен бірлесіп, «TS Оңтүстік мұнай сауда» ЖШС-не тексеру тағайындалып, нәтижесімен 4,5 млн теңге бюджетке өндірілгенін де айта кету керек.

Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментімен бірлесіп, Шымкент қаласында әрекет ететін энергиямен жабдықтаушы компанияларға, атап айтқанда, «Энергоснаб ХХІ» ЖШС, «Казсбытгрупп» ЖШС, «Гарант Энерго» ЖШС, «ЮгЭнергоимпульс» ЖШС-не бәсекелестікке қарсы келісімдер, адал бәсекелесудің орнына өзара уағдаластық қалыптастырып отыруына байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп, 19,2 млн теңге бюджетке өндірілген. 2022 жылдың 31 қаңтарында Мемлекет басшысының жарлығымен «әрекеттерінде картель белгілері байқалатын мемлекеттік сатып алуға қатысушыларға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын тексерулер шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулер бойынша» мораторийден алынып тасталған болатын. Нәтижесінде осы бағыттағы заң бұзушылықтарды жою бойынша қазіргі таңда монополияға қарсы орган тарапынан аса қатты мән берілуде.

Жүзеге асқан жұмыстар мұнымен шектелмейді. Ашып айтсақ, тауық жұмыртқасын өндіру және өткізу нарығы бойынша жүргізілген талдау қорытындысымен қаламызда ресми тіркелген «Шымкент құс» және «Тассай құс» ЖШС-не бәсекелестікке қарсы келісімдер бойынша хабарлама шығарылған. Сонымен қатар, 2022 жылы жеңілдетілген автонесие басталуына байланысты, әлеуметтік желіде автосалондар тарапынан жаңа көліктерді сату кезінде қосалқы бөлшектерді қосу бойынша туындаған халықтың наразылығын ескере келе және депараментке түскен арыз шағымдар бойынша «Еуразиан моторс» ЖШС және «Тамерлан моторс» ЖШС-не Кодекстің 177 бабымен, яғни мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу нысанындағы жосықсыз бәсекелестікті жою жөнінде хабарламалар шығарылды. Нәтижесінде аталған компаниялардың ресми өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аталған заңбұзушылықтарын жою жөнінде тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын хабарлады.