ЖҰМЫСШЫЛАР ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН БІЛЕ МЕ?

80
0

Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан мемлекеттік  қызметшілердің құқықтарын қорғау мәселесі қатаң бақылауға алынып, заңбұзушылықтарға жол бермеу, қызметшілердің құқықтарының бұзылуын алдын-алу және болдырмау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.     

Қазіргі таңда өзектілігі жоғары болып отырған мемлекеттік органдарда қашықтан жұмыс істеуді, аралас қашықтан жұмыс істеуді, икемді кестені ұйымдастыру мәселелерімен қатар, еңбек заңнамасын қатаң сақтауға, оның ішінде жұмыс күні аяқталғаннан кейін мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнындағы кідірісін, қызметкерлердің демалыс күндері жұмысқа шығу практикасын тоқтатуға бағытталған мемлекеттік қызметшілердің тиімді еңбек күн тәртібін белгілеу және жұмыс кестесін сақтау мәселелерінің маңыздылығы жоғары екендігін ерекше атап өткен жөн.

Осы орайда, бұзушылықтарды алдын-алу және болдырмау мақсатында, тәжірибеде мемлекеттік мекеме басшылығының және олардың қарамағында жұмыс атқаратын қызметшілердің көптеген сұрақтарын тудыратын бірқатар мәселелер бар. Олар жөнінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Жанысбек Данияр Бахтиярұлы тарқата түсіндіріп берді. Ең біріншісі — жұмыс уақытының ұзақтығына қатысты. Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 68-бабына сәйкес, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Еңбек Кодексімен жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының толық емес және қысқартылған ұзақтығы белгіленуі мүмкін. Атап айтқанда, он төрт жастан он алты жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін аптасына
24 сағаттан аспайтын, ал он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі жұмыскерлер үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.

Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлер үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді. Ал бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді. Сондай-ақ еңбек шартын жасасқан кезде, сондай-ақ еңбек қатынастары процесінде жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жазбаша келісім бойынша толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін.  Жұмыс беруші жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-ананың біреуінің (бала асырап алушының), сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтімді жүзеге асыратын жұмыскердің жазбаша өтініші бойынша оларға толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 32-бабында мемлекеттік қызметшілер үшін екі демалыс күнімен бес күндік жұмыс аптасы белгіленетіні көзделген. Жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимі мемлекеттік органдар бекітетін мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртібі қағидаларында белгіленеді. Жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуға міндетті. Қызметкер жұмыс істеген және істемеген уақыт есепке алынады. Бұл ретте үстеме жұмыс уақыты, түнгі уақыттағы жұмыс, демалыс, мереке күндері, іссапар күндері бөлек есептелуі қажет.

Екіншісі – үстеме жұмысқа тарту мәселесі. Мемлекеттік қызметшілерді шұғыл, алдын ала күтпеген жұмыстарды орындау үшін үстеме жұмысқа, демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға жол беріледі. Мұндай жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмыс мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтеледі. Осы орайда, Еңбек Кодексінің 77-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме жұмыстарға тартуға жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Үстеме жұмысқа жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер, он сегіз жасқа толмағандар және мүгедектігі бар адамдар жіберілмейді.

Үстеме жұмыстар әрбір жұмыскер үшін тәулік ішінде екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан және жылына бір жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс. Үстеме жұмыстардың шекті санын шектеу елдің қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстарды жүргізу және денсаулықтан айырылу немесе өлім қаупі төнген азаматтарға шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем көрсету жағдайлардағы жұмыстарға қолданылмайды.

Тағы бір түйткіл — демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа тарту мәселесі. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа жұмыскердің жазбаша келісімімен немесе оның өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі. Бұл тұста, жұмыскердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға төтенше жағдайлардың, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың зардаптарын дереу жою үшін, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың, мүліктің жойылуының немесе бүлінуінің алдын алу және оларды тергеп-тексеру үшін және тұтастай ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі жедел орындалуына байланысты болатын шұғыл, күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.

Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін жұмыскердің қалауы бойынша оған басқа демалыс күні беріледі немесе ақы төленеді. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі. Жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдерді демалыс және мереке күндерінде жұмысқа тартуға тыйым салынады.

Жұмыс уақытының ұзақтығын заңсыз асырғаны үшін жауапкершілікті де ұмытпаған абзал. Яғни жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жұмыс уақытының және күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) қалыпты және қысқартылған ұзақтығын заңсыз асыру әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық болып танылады.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғауға мемлекеттiк органдардан түскен материалдар, жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе мәлiмдемелерi, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар себеп бола алады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің
89-бабының 1-бөлігіне сәйкес, аталған бұзушылыққа жол берілген жағдайда ескерту жасау көзделген.

Ал, аталған әрекет әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалса, лауазымды адамдарға қырық, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Бұл ретте, Шымкент қаласында орналасқан бірқатар мекемелерде мемлекеттік органдардың қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесінің «E-kyzmet» ақпараттық жүйесімен ықпалдастыру жұмыстары жүргізілген. Аталған жүйе арқылы мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа келіп-кету уақытын анықтауға мүмкіндік туып, жұмыс уақытының ұзақтығын асыру мәселесіне мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның аумақтық департаментімен және Әдеп жөніндегі уәкілдермен тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.

Осы орайда, жұмыс берушілер жоғарыда келтірілген заңнама талаптарын тұрақты түрде басшылыққа алып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу қажеттігін ұдайы назарда ұстауы тиіс.