927 ТҰРҒЫН ҮЙ БАНК АРҚЫЛЫ РӘСІМДЕЛДІ
2010-2011 жылдары «Нұрлы көш» пилоттық бағдарламасы арқылы Шымкент қаласының «Асар» шағынауданында 975 тұрғын үй салынған болатын. Бағдарламаның мақсаты – отандастарымызды атамекенге қайтару, сондықтан елге оралған қандастарымызға сатып алу құқығымен тұрғын үйлер бастапқыда 8 жылға жалға берілді.
Қазіргі таңда бағдарлама арқасында жақын шет елдерден Шымкент қаласына қоныс аударған 975 отбасының 927-і жалға алған үйлерін «Отбасы банк» арқылы ипотекалық несие негізінде рәсімдеуде. «Отбасы банк» талаптарына сәйкес несие уақытын өткерген соң қандастар тұрғын үйді жекеменшік иелікке рәсімдей алады. Айта кетейік, қалған 48 отбасы тұрғын үйлерді «Отбасы банкпен» рәсімдеу жұмыстарын жүргізу мәселелерін шешу мақсатында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы арқылы хат жолданған. Министрліктің жауабына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Айта кету керек, жуырда Шымкентте 130 тұрғын қайтарымсыз сертификат арқылы баспаналы болды. Оның ішінде көпбалалы отбасылар саны – 51, ерекше бала асыраушы отбасылар – 64, толық емес отбасылар саны – 11, бюджеттік ұйым қызметкерлері – 4. Қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады. Тұрғын үй сертификатының талаптарына сәйкес қайтарымсыз 1 млн теңге әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушінің және отбасы мүшелерінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен соңғы 6 ай ішінде орташа табысы 125 757 теңгеден аспаған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есептелмейді.