ЖАСТАР КӘСІПКЕРЛІК САЛАНЫҢ ҚЫР-СЫРЫНА ҚАНЫҚ БОЛДЫ
Қаратау аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «MENIN TEGIM» компаниясының иегерлері ағайынды Батырбай Диас және Батырбай Ілияс жастармен кездесті.
Мақсат — жастарды кәсіпкерлікке баулу, кәсіп бастауға деген ынталарын арттыру. Кездесуге Орталық Азия инновациялық университеті жастары мен Аль-Фараби академиялық мектебінің жастары қатысты. Ағайынды бауырлар тегін ұмытпай, жеті атасын жатқа білетін ұлттың ата тегін тектеп жазатын тақтайшалар мен түрлі ыдыстарға арнайы атау жазады. «Жеке кәсіп бастау ол оңай жұмыс емес. Көп еңбек пен тәуекелді талап етеді. Осы екі типті дұрыс еңсере алсаңыздар ғана кәсіптеріңіз дөңгелемек» — деді Батырбай Диас. Кездесу барысында жастар спикерлермен түрлі пікірлер алмасып, жетістікке жету жолындағы ақыл-кеңістерімен бөлісті. Сондай-ақ ағайынды кәсіпкерлер жақында ғана кәсіптерін ары қарай дамыту мақсатында “Даму” кәсіпкерлік қорында өз жоспарларын сәтті қорғап, грант иегері атанғандарын да жасырмады. Сонымен қатар кәсіпкерлер белсенділік танытқан жастарға сыйлық ретінде жеке өнім заттарын сыйға тартты.
Жастарға берері мол жиындар Шымкентте ұдайы ұйымдастырылып келеді. Мәселен, жуырда Тұран ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Ел болашағы — жалынды жастар» тақырыбында А.Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейі жастары арасында кездесу өтті. Шараның басты мақсаты — кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, суицидтің, қыздар арасындағы ерте жүктілік пен кереғар діни ағымдардың алдын алу. Кездесуге №77 мектеп-лицейінің директоры Толқын Аюбаева, Шымкент қаласы Дін істер басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ теолог-маман Серік Бекеулов, Психикалық денсаулық орталығының маманы, дәрігер-нарколог Майра Садыкова және Абай ауданы жастар ресурстық орталығының жастарға қызмет көрсету бөлімінің инспекторы Гүлбибі Камалбеккызы қатысты. Олар кәмелет жасына толмаған жастар арасында көптеп кездесетін мәселелерге тоқталып, оның зардап-зиянын туралы жеткізді.