ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

68
0

Елімізде балалардың жан-жақты дамуына барынша жағдайлар жасалып келе жатыр. Мәселен, өткен жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп атап өтті. Өз кезегінде, өскелең ұрпақтың білімге ден қойып, жан-жақты дамуына ықпал ету үшін өзекті мәселелердің шешімін жуық арада табудың маңызы зор.

Бүгін Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева БАҚ өкілдерімен баспасөз брифингін өткізген болатын. Міне, сонда бірқатар өзекті де өткір мәселелермен күрес жолдары баяндалды. Жалпы үшінші мегаполисте бала құқықтарын қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Қазірде кәмелетке толмағандың істері және құқығын қорғау комиссиясында 56 мүше бар. Олар ата-ана құқығынан айыру, бейімдеу немесе девиантты балалар орталығына жіберу, кешкі мектепке орналастыру және білім беру ұйымдарының есебін тыңдау негізінде жұмыс істеп келеді. Одан бөлек, білім беру ұйымдарында 320-дан астам тәрбие жөніндегі орынбасар, 170-ке жуық әлеуметтік педагог және 270-тей педагог-психолог қызмет атқаруда. Барлық білім беру ұйымында медиация кабинеттері ашылып, тәрбие жұмысын дамыту бойынша «Ата-аналар академиясы» бекітілген. Ал басқарма жанынан психологиялық-педагогикалық қызмет, тәрбие беру орталықтары құрылып, жұмыс істеп келеді. Басқарма басшысының сөзіне сенсек, үшінші мегаполисте 2023 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының аясында түрлі кездесулер, семинар-конференциялар, дебаттар, форумдар, олимпиадалар мен турнирлер, экскурсиялар, акциялар ұйымдастыру көзделуде. Мұнымен қоса, психологиялық көмектер өткізу, үнқағаздар тарату, сауалнама мен ақпараттық қауіпсіздік жүргізу жоспарға алынған. Бұл әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етуге, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтың профилактикасы мен олардың қадалағаусыз және панасыз қалуының алдын алуға, жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивтік мінез-құлықтың алдын алуға, балалар мен жасөспірімдерді есірткі, психотроптық, күшті әсер ететін немесе улы заттардан қорғауға, кәмелетке толмағандар арасында жыныстық тәрбие, ерте жүктіліктің алдын алуға мүмкіндік берді. Бұған қоса, кибербуллинг бағыттары негізінде жыл бойы 100-ден астам іс-шара өткізілмек.