БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫС КӨП

79
0

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз брифингінде жүзеге асқан жұмыстар жайы сөз болды. Тарқатайық…

Атқарылған жұмыстарға ойыссақ, ағымдағы жылдың 25 сәуір – 25 мамыр аралығында 22 іс-шара өз деңгейінде өткен. Басқарма басшысының айтуынша, тиісті шаралар тұрақты жүргізілгеніне қарамай, өзекті мәселелер жоқ емес. Мәселен, аз қамтылған отбасы балалары, жайсыз отбасы, қалалық ювеналды полиция есебінде тұрған және мектепішілік есептегі балалар саны көңіл көншітпейді. Проблемалармен күресу мақсатында есептегі оқушыларға тәлімгер бекіту, түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыстыру —  негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Қылмыстық оқиғалар жиі қайталанатын криминогенді аймақтар бақылуға алынса, 103 учаскелік полиция инспекторы бекітілген. Құмар ойындарға тәуелділікті анықтауға арналған «Такер» тестіне 9-11 сынып аралығындағы жалпы 18 мыңнан астам оқушы қатысса, оның 13 мыңнан астамы жасыл аймақты көрсетті. Бұл дегеніміз компьютерлік ойындарға жағымсыз әрекет танытқан. Сары аймақ 19,6 пайызды құраса, қызыл аймақ 2,8 пайызға тең. Биыл 3 айдың ішінде Call-орталыққа 320 сұрақ келіп түсіп, 100% жауап беріліп, 6585 қатысушыға түсіндірме жүргізілген. Telegram желісіндегі чат пен сенім телефондары тұрақты режимде жұмыс істеп жатыр. Ақпараттық баннерлер мен билбордтар қаланың әр бұрышында орнатылған. Бұл жұмыстардың баршасы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, білім басқармасы Полиция, Төтенше жағдайлар департаменттері, Денсаулық сақтау басқармасы, аудан әкімдіктері және психологиялық орталықтармен бірлесе жүзеге асырылып жатқанын айрықша айта кету керек.

Айта кетейік, үшінші мегаполисте оқушылардың ең өзекті мәселелерінің бірі – орын тапшылығын шешу бойынша да қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізілмек. Аталған пилоттық білім нысандары жалпы 37 700 орынға арналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Яғни Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал келесі жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады. «Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.