ЖАҢА ЖОБАНЫҢ БЕРЕР МҮМКІНДІГІ МОЛ

70
0

Елімізде оқушылардың жан-жақты дамуына барынша жағдайлар жасалып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі аталған салаға айрықша көңіл бөліп, тиісті тапсырмаларды беруде. Өз кезегінде, еліміздің әрбір облысы мен қаласында ел Президентінің тапсырмасын тыңғылықты орындау мақсатында бірқатар игі бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатқаны да белгілі.

Жас ұрпақтың қоғамдағы орны қандай? Құқықтарын қалай қорғауы керек? Нені білуі тиіс? Осы және өзге де маңызды сауалдарға шымкенттік оқушылар енді жауап ала алады. Тарқатар болсақ, өткен аптада Үшінші мегаполисте қалалық прокуратура және білім басқармасы бірлесе қолға алып отырған «Мейірім – жүректен» атты бір айға жоспарланған ауқымды іс-шара басталды. Бастама жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, жас буынның қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру, жігерлендіру мақсатында қолға алынып отыр. Жоба бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстардың барысымен таныстыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы баспасөз туры да ұйымдастырылды.

Тур «Жеңіс» саябағында өтіп жатқан арнайы ашық сабақтан бастау алды. Артынша БАҚ өкілдері Жол-көлік колледжі мен  №135 жалпы орта мектебіне табан тіреп, ұйымдастырылған жұмыстармен танысты. Қазіргі таңда қалалық білім басқармасы тарапынан ата-ана, ұстаз және оқушының байланысын нығайтуды көздейтін «Үштік одақ», «Оқуға құштар мектеп», «Өзін-өзі басқару» мектеп парламенті, «Дебаттық қозғалыс» сынды тәрбиелік маңызы ұшан-теңіз жобалар жүзеге асырылуда. Олардың бірі сыни ойлау мен логикалық дәлдікті дамытса, енді бірі кітап оқып, шығармашылық қабілетті ұштауға көмектеседі. Сонымен қатар оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге де ықпал етпек.

Қолға алынып жатқан бастамалар турасында Жол-көлік колледжінің директоры Гүлзат Үкібайқызы былай дейді «Жастарды мейірімділікке баулитын жоба аясында бірқатар кешенді іс-шара өткізуді  жоспарлап отырмыз. Оның ішінде түрлі кездесулер, семинар-конференция, дебат, форум, экскурсия мен акциялар ұйымдастырылады. Мұнымен қоса, психологиялық көмек көрсету, үнқағаз тарату, сауалнама өткізу жиындары да бар». «Мейірім – жүректен» жобасы 25 мамырға дейін үшінші мегаполистегі барлық білім ордаларында жалғасын табатынын айта кеткеніміз жөн.