ТҰРҒЫН ӨТІНІШІ НАҚТЫ НӘТИЖЕГЕ ҰЛАСТЫ

Қарапайым тұрғындардың өмір сапасын арттыру – жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта халықпен тікелей диалог орнату арқылы көтерілген мәселелерге жедел жауап беру тәжірибесі нәтижелі іске асып келеді. Соның жарқын дәлелі – Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевтың жеке қоғамдық қабылдауында көтерілген мәселенің нақты шешім табуы.
Қоғамдық қабылдауға келген Нұрсат шағын ауданының тұрғыны №14 тұрғын үйдің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді. Аулада жиналып қалған қоқыс, күтімнің жетіспеушілігі тұрғындардың тұрмыстық жайлылығына әсер етіп, қоршаған ортаға кері ықпал етіп отырғанын айтып шағымданған еді. Бұл мәселе «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлы мен аудан әкімі Алмас Емелтайұлының бірлескен шешімі арқылы назарға алынып, тұрғынның өтініші ескерусіз қалмады. Партияның аудандық филиалы мен аудан әкімдігі мәселені жергілікті деңгейде шұғыл қарастырып, №14 тұрғын үйдің ауласын толық тазарту жұмыстарын ұйымдастырды. Ауланы қоқыстан тазарту, көгалдарды ретке келтіру, санитарлық жағдайды жақсарту сынды бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Мұндай әрекет – тек бір аулаға тазалық орнату ғана емес, жергілікті биліктің тұрғындар талабына бейжай қарамайтынын көрсететін нақты мысал. Азаматтардың өтініштерін дер кезінде қабылдап, нақты жауап беру – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының шынайы жүзеге асырылып отырғанын көрсетеді. Бұл жолы тұрғынның өтініші көп уақыт созбай, бірнеше күн ішінде шешімін тапты. Мұндай жеделдік халық пен билік арасындағы сенімнің артуына жол ашады. Ауласында жүргізілген тазалық жұмыстарынан кейін №14 үйдің тұрғындары Қаратау ауданы әкімдігі мен партия филиалына алғыс білдіріп, осындай қамқорлық шараларының тұрақты жүргізілуін сұрады. Жаңа әрі таза орта – тұрғындарға жайлылық сыйлап, балалар мен қарттар үшін қауіпсіз демалыс алаңына айналды.
Нұрсат шағын ауданындағы тазалық мәселесінің оң шешілуі – билік пен халық арасындағы тікелей байланыстың тиімділігін көрсететін тағы бір нақты мысал. Бұл – әкімдік пен партияның тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс істейтінін дәлелдейтін оқиға. «AMANAT» партиясының Қаратау аудандық филиалы мен Қаратау ауданы әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындардың әрбір өтінішіне мұқият қарап, нақты шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті.