КЕЛЕС АУДАНЫНДА ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

19
0

Энергия қауіпсіздігі мен тұрмыстық қолайлылықты қамтамасыз ету – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бұл бағытта Түркістан облысының Келес ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен және жүйелі түрде іске асырылып келеді. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы 83 елді мекеннің 59-ы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Бұл – жалпы көрсеткіштің 71,1%-ын құрайды.

Келес ауданының газдандыру деңгейі – облыс көлемінде үздік көрсеткіштердің бірі. Дегенмен, қалған 24 елді мекен әлі де орталықтандырылған табиғи газ желісіне қосылмаған. Бұл мәселені шешу мақсатында құрылыс-монтаждау және жобалық жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі уақытта 4 елді мекенде нақты құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар — Достық (Ұшқын ауылдық округі), Қоралас (Ұшқын ауылдық округі), Ұшқын (Қошқарата ауылдық округі), Бірлік (Бірлік ауылдық округі). Аталған елді мекендерде газ құбырларын тарту және қосу жұмыстары жүргізіліп, жақын арада тұрғындар үйіне табиғи газ берілуі жоспарланып отыр. Тағы 9 елді мекенде газдандыру жобалары дайындалған және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұл – келесі кезеңде нақты құрылыс жұмыстары басталады деген сөз. Аталған ауылдар — Бірлік округінен Жанатіршілік, Қосөткел, Үшағаш, Ошақты округінен Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Қаратал, Атақоныс, Жиделі елді мекендері. Бұл елді мекендерде газ тарту жұмыстары қаржыландыру көлемі нақтыланғаннан кейін кезең-кезеңімен басталады. Бұл – мыңдаған тұрғынның өмір сапасын арттыратын маңызды инфрақұрылымдық қадам.

Келес ауданының орталығы – Абай ауылында табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Бұл – мемлекеттің жергілікті деңгейде халыққа бағытталған әлеуметтік саясатының айқын нәтижесі. Алайда, кейбір көшелер мен тұрғын үйлерде жіңішке диаметрлі (шағын өткізгіштік қабілеті бар) газ құбырларын кеңейту қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселені шешу үшін жаңа жобалау жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда сәулет-жоспарлау тапсырмалары әзірленуде. Газдандыру – тек тұрмыстық қолайлылық емес, бұл экологиялық қауіпсіздік: қатты отыннан (көмір, ағаш) бас тарту арқылы ауаның ластануын азайту, экономикалық тиімділік: тұрғындардың шығындарын қысқарту, тұрмыс сапасын арттыру: жылу жүйелерін, су жылытқыштарды, плита, қазандықтарды қауіпсіз пайдалану, инвестициялық тартымдылық: газ бар өңірлерге кәсіпкерлер мен инвесторлардың қызығушылығы артадығ, жаңа жұмыс орындары: жобалау, монтаждау, техникалық қызмет көрсету салаларында сұраныс туындайды.

Келес ауданында газдандыру жұмыстары 2025–2026 жылдар аралығында да жалғасын табады деп күтілуде. Мемлекеттік бағдарламалар, облыстық және республикалық қаржыландыру арқылы қалған 24 елді мекенді кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосу – негізгі мақсат. Бұл ретте облыс әкімдігі мен Келес ауданының әкімдігі тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын, мердігерлермен сапа және мерзім мәселесі бойынша бақылау жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Келес ауданында жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстары – елдің әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету саясатының нақты көрінісі. Табиғи газ – жайлылық, қауіпсіздік және ұзақмерзімді даму кепілі. Мемлекеттік қолдау, жергілікті әкімдіктің үйлесімді әрекеті және тұрғындардың белсенділігі нәтижесінде жақын арада Келес ауданы 100 пайыз газбен қамтылған өңірлердің қатарынан көрінетіні анық.