ЖОЛ — ЭКОНОМИКАНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

63
0

Жол – экономиканың күретамыры. Сондықтан республикалық маңызы бар және жергілікті автомобиль жолдарының сапасын арттырудың маңызы зор. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек» деп атап өткен болатын.

Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласында қыруар іс атқарылып жатыр. Бұл жөнінде өткен аптада Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында БАҚ өкілдеріне арнап өткізген баспасөз брифингінде айтты. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, бүгінде Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырымды құрап, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. 2023 жылы 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ұзындығы 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан  Шымкент қаласы аумағы арқылы қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы да салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады.  Сонымен қатар Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары атқарылап жатыр.