БИЫЛ САМАЛ-3 ШАҒЫНАУДАНЫНДА 14 КӨШЕГЕ ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

63
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Самал-3 шағын ауданындағы Ізгілік көшесінен Юсупов көшесіне дейінгі аралықтағы Тыңдала көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Асфальт жабындысы төселетін көше ұзындығы 2,2 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар, Қазақ ордасы, Алмалы бақ және Мәңгілік ел көшелерінде жол құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы биыл Самал-3 шағын ауданында 25,2 шақырымды құрайтын 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жол құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес іске асырылуда. Шағынауданда 2025 жылға Төлепбергенов, Алтынбастау, Ештай ата, Арайтаң, Әлменов, Ақтасты, Тәуекел хан көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Жалпы Шымкент жаңа өркениет биігінде қарыштап дамуы үшін ең алдымен жол инфрақұрылымын дамыту мақсаты тұр. Бұл салаға үлкен жауапкершілік жүктелген. Шымкент қаласы үшін ең маңызды мәселенің бірі — жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу. Статистикаға сәйкес, Шымкент қаласы автокөлік санының артуы жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Шілде айының ортасында Ынтымақ шағын ауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты қамтитын 2-ші кезеңі толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады. Оған қоса, Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары атқарылап жатыр