ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ АЛУҒА ЖАСТАРДЫҢ ЫНТАСЫ ЖОҒАРЫ
Шымкентте биыл 260-қа жуық жас жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады. Бұл игілікті істер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру тапсырмасы аясында жүзеге асырылады.
Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен «Аграрлық несие корпрациясы» АҚ арасында келісімшарт жасалды. Жауапты басқарманың мәліметінше, бүгінгі таңда жеңілдетілген несие алуға 107 өтінім түскен. Соның ішінде, 56 құжат Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына комиссияның қарауына ұсынылды. Оның 23-і қаралып, 10 адам оң қортындысын алды.
22 мамырда Шымкент қаласы бойынша жастарға микрокредиттер беру мақсатында бизнес-жобаларды іріктеу үшін конкурс комиссиясының келесі отырысы өтеді. Айта кетейік, жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Айта кету керек, 1 наурыздан бастап 15 өңірде жастарға 2,5 пайызбен шағын несие беру бойынша құжат қабылдау басталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі Сәкен Ділдахмет «Атамекен» бизнес арнасындағы «Басты тақырыпта» кейбір өңірлерде бағдарлама неге кеш іске қосылатынын түсіндірді. Нақтырағы «Қазақстанның 20 аймағына 5800 несие бөлінеді және ол әр өңірдің сұранысына қарай анықталады. Кейбір аймақта сұраныс көп, кейбір аймақта сұраныс аз болуы мүмкін. 1 наурыздан бері 15 өңірде құжаттарды қабылдау басталды. Әкімдіктердің бастамасымен наурыз айының аяғына дейін төрт өңірде, сәуір айының басында ең соңғы жиырмасыншы өңірде бағдарлама іске қосылады. Себебі бір жерде көктем ерте келеді, бір жерде қыс кеш шығады. Адамдар құжат тапсырғанымен, дәл қазір бизнес бастап кетуі мүмкін емес. Сондықтан өңірлерде құжат қабылдау уақыт ерекшелігіне қарай басталып жатыр» деді ол.