ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Қала аумағындағы 2023-2024 жылдарға жылу маусымына дайындық жұмыстарына апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын көпқабатты тұрғын үйлер мен мекемелердің дайындықтары пысықталып, өзекті мәселелер талқыланды.
Қазір мониторинг кезінде анықталған ескірген жүйелерді қалпына келтіру үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ магистралды жылу құбырларын қайта құру бойынша биыл екі жоба жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар Гагарин, Абай, Громов, Гоголь, Адырбеков көшелерінде, Нұрсәт тұрғын алабында жүргізілетін болады. “Жылудың сапалы болуы қазіргі дайындық жұмыстарына тікелей байланысты. Сондықтан іс шара жоспарындағы міндеттемелердің мерзімінде, талапқа сай орындалуын назарға алыңыздар. Сығымдау жұмыстарын шілдеде, жалпы, жылыту маусымына дайындықты қыркүйекке дейін толық аяқтаңыздар”- деді қала әкімі. Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті сала басшыларына жылу қазандықтарының, сорғы стансаларының дайындығын қадағалап, бюджеттік нысандардың қатты, сұйық отынға қажеттілігін нақтылауды тапсырды. Бұл кешенді шаралар қаладағы қолданыстағы жүйелерді жаңартып, жылу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қаланың 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы бақылауға алынып, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілетін болады. Айта кету керек, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і инвестициялық бағдарлама қабылдап, 2022 жылы 121,3 шақырым электр желілері жаңартылған. Биыл 126,3 шақырым желі мен 4 қосалқы станциясын жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ компания 2024 жылы 147,8 шақырым желі мен 3 қосалқы станцияны, 2025 жылы 90,2 шақырым желі мен 5 қосалқы станцияны жаңарту көзделіп отыр. Бұдан бөлек Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілеріне жұмыстары жүргізіген. «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 млрд теңге қажет. Бұл Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді.