ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ӘЛЕУЕТІ АЙРЫҚША МӘНГЕ ИЕ
ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру бойынша ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері Сайрам тұрғын алабындағы «Юнекс» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесті. Кездесуде Шымкент қаласы Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Оңтүстік Қазақстан жылыжай жұмыскерлері қауымдастығының» төрағасы Мырзахмет Сынабаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айқын көрсетілген негізгі бағыттарды атап көрсетті.
-Жолдау – мемлекеттілікті одан әрі нығайтуды, азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін маңызды құжат. Онда Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының басым бағыттары айқындалған. Жаңа экономикалық саясаттың негізгі мәні – ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар көре алатындай әділетті экономикалық жүйе құру. Сонымен қатар, жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс, -деді М.Сынабаев.
Кездесуде мекеме жұмысшылары айтылған мәселелер бойынша сұрақ жауап алмасып, ой-пікірлерімен бөлісті. Қала аумағында мұндай ақпараттық-насихаттық топтың жиындары жалғасын табатын болады.
Айта кету керек, осындай жиынның бірі жуырда Шымкент қаласындағы Достық үйінде өткен еді. Аталған кездесуге AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев, «Оқушылар сарайы» мекемесінің директоры Бақытжан Мұстафаев пен зиялы қауым өкілдері қатысты. «Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы жаңа Қазақстанды дамытуға, оның ішіндегі әлеуметтік-экономикалық салаларды нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыратын және саяси трансформацияны жүзеге асыруға жаңаша бағыт болды. Президентіміз шикізаттық мемлекеттен өндірістік деңгейге өту қажет екенін айтты. Сарапшылар тауарды шикізат күйінде нарыққа шығарғаннан, қайта өңдеп дайын өнімді саудалағанда келтіретін пайдасы 70 пайыздан жоғары екенін айтуда. Оған мысал ретінде Белоруссия елін алып қарасақ. Орман алқаптарынан шығатын ағашты шикізат күйінде емес, жиһаз жасап, экспорттады. Нәтижесінде, Белоруссия жиһаздың отанына айналып қана қоймай, елдің экономикасына орасан пайда келтірді. Қазақстанның да өндірістік елге айналуға әлеуеті өте жоғары» деді өз сөзінде Мұратәлі Қалмұратов.