АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ БОЙЫНША ТИІМДІ ШАРТТАР ҚАРАСТЫРЫЛУДА
Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау, тұрақтандыру бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Арнайы құрылған жұмысшы топ Shymcity шағынауданы «Маркет» сауда орталығындағы бағаны бақылады. Онда нан 90 теңге, сиыр еті 2350 теңгеден сатылып жатыр. Сауда нүктесі 2019 жылы ашылған болатын. Мұнда жалпы әлеуметтік бағада 12 тауар түрі бар.
Шаһарда бірінші қажетті азық-түлік тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар кәсіпкерлік нысандар, сауда желілері, үй маңындағы дүкендер, жергілікті тауар өндірушілермен келісімдер жасалған. «Маркет» сауда орталығының басшысы Ақерке Байтұрсынованың айтуынша, күн сайын дүкенге 250-ге жуық нан жеткізіледі. Күн сайын әлеуметтік бағада 30 кг ет, 1200 дана жұмыртқа сатылады. Алда сауда орталығының үшінші желісін ашу жоспарда тұр. Айта кету керек, Шымкенттегі «ГраМад» сауда желісінде әлеуметтік маңызы бар 13 тауар белгіленген бағада сатылуда. Мәселен, арзандатылған тауарлар қатарында нан – 90 теңге, шекер – 410 теңге, пияз – 180, ас тұзы 48 теңге, қырыққабат 80 теңге деп белгіленген. Жалпы қалада 19 «ГраМад», 31 «Магнум» сауда желісінде тауарлардың әлеуметтік бағасы бекітілген. 100-ден астам сауда нысанымен келісім жасалған. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Ханиевтің айтуынша, бірінші қажетті азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты бақылауда. Жергілікті кәсіпкерлермен 1 жылға келісімшарт түзіліп, оларға айналым қарыз қаражаты берілген. Комиссия шешімімен әр тоқсан сайын нарықтағы бағалар зерделенеді. Әлеуметтік бағалар әр тоқсанға бекітіледі. Осының арқасында үшінші мегаполис тұрғындары төмендетілген бағада қажет азық-түлікті еш қиындықсыз белгіленген орындардан ала алады.