ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА САЯБАҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

44
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында қалалардың көркін арттыру мақсатында абаттандыру жұмыстарына айрықша көңіл бөлу керегін айтқан еді. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкенттің жетістігі мол. «Жасыл қала» атанып кеткен шаһарда соңғы жылдары бірнеше саябақтардың құрылысы жүргізілді. Жұмыстар мұнымен тоқтап қалмақ емес.

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Shymkenт City шағынауданында болып, мұнда жаңадан салынатын саябақ құрылысының жобасымен танысты. Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағынауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары толық жүргізілуде.  Бұған дейін Shymkenт City аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алған болатын. Сондай-ақ заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған. Сонымен қатар мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде.  Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады.  Сондай-ақ 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала келбеті тағы бір саябақпен көмкеріле түсетінін, қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түсетінін айтып өтті. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, қала әкімі Мұрат Әйтенов Тұран ауданы тұрғынының гүлзар салу бойынша ұсынысын пысықтау үшін Самал-1 шағынауданына арнайы барды. Белсенді азамат Ералы Күнходжаев бұл бастамасын жуырда қала әкімінің аудан тұрғындарымен есептік кездесуінде көтерген болатын. Мұрат Дүйсенбекұлы қажеттілікті ескере келе Жандосов көшесінің қиылысындағы бос алаңшада гүлзар құрылысын жүргізуге қолдау көрсетті. Ауданның жанашыры жыл соңына дейін демалыс орнының жобалау-сметалық құжаттамасын ұсынатынын жеткізді. Қала әкімі қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына келесі жылы гүлзар құрылысын бастауды тапсырды. Сондай-ақ демалыс аймағының жобасын жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып, бекіту қажеттігін ескертті. Жоғарыда аталған бастамалар жүзеге асса, үшінші мегаполисте тұрғындардың демалып, серуендейтін орындарының қатары толыға түспек. Өз кезегінде, мұның өзі қаланың көркіне көрік қосады.