СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ
Еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту бойынша әлеуеті жоғары. Әйткенмен өзекті мәселелер де жоқ емес. Соны бірі турасында мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Жолдауында айтып өткен болатын. Нақтырағы «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған» деді ел Президенті.
Осы орайда, Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұған дейін қала аумағындағы Чумчак және Сай каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз. Енді аталған жұмыстар аяқталып, каналдар пайдалануға берілді. Демек Сайрам ауданына қарасты 250-дей шаруа қожалығы енді судан тапшылық көрмейді. Нысан құрылысы екі жыл бұрын басталған болатын. Осы уақыт аралығында шаруалардың егініне су жетпей, біраз түйткілдер туындады. Әйткенмен енді бұл мәселе толықтай шешімін тауып отыр. Атқарылған жұмыстар турасында қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының басшысы Ержан Жақсылықұлы былай деп атап өтті «Су реттеуге арналған 21 шлюз қойылды. Бетондық қаптамалармен қапталды. Арналарда су тапшылық туындамау үшін бақылаушымен реттеліп отырады. Енді 7,5 гектар аумақтаңы егістікті сумен қамтиды. Жалпы каналдың ұзындығы 5,3 шақырым. Бүгінгі таңда екі каналдың құрылысы толық бітіп, Көк және Шапырашты каналдары аяқталуға жақын. Пайдалануға берілетін уақыт маусым, шілде айы деп жоспарлануда». Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданындағы каналдарға су негізінен Сайрам өзенінен алынады. Бұған дейін каналдарға бақылау болмағандықтан әрі су арналары реттелмегендіктен шаруалар біраз қиындыққа тап болған еді. Нақтырағы, дихандардың егістігі қурап, шаш-етектен шығынға батқан. Енді каналдарға жүргізілген күрделі жұмыстардан кейін аталған түйткіл түпкілікті шешімін таппақ.