КІТАПҚҰМАР БАЛАЛАР ҮШІН ҚОРДА КІТАП ЖЕТКІЛІКТІ

54
0

Шымкент қаласындағы орталықтандырылған кітапхана қорында балалар әдебиеті 390 мыңнан асады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры – 418 046 дананы құраса, оның ішінде балалар әдебиеті – 390 492 дана.

Кітапхана мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, 1-9 сынып оқушыларына, тәрбиешілер мен мұғалімдерге, жылына жалпы 392 мыңдан астам келушіге қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ашылған «Ақерке» балалар залы да бүлдіршіндерді кітап оқуға ынталандыруда. Залда жылына оқырмандарға 765 мың данадан аса кітап берілуде. Оқу залына соңғы 3 жыл көлемінде 18 593 дана жаңа кітаптар қорға алынған. Кітапханалардың кітап қорлары көркем шығармалармен, мектеп бағдарламасына қосымша балаларға арналған анықтамалық әдебиеттермен, танымдық, сала жанрлары бойынша балалар әдебиеттері мен қиял-ғажайып, шытырман оқиғалар, ертегілермен толықтырылған. Балаларға қызмет көрсететін қалалық кітапханалардағы кітап қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша отандық, шетелдік ақын-жазушылардың әдебиеттерімен толықтырылады. Оның басым бөлігі көркем әдебиеттер болса, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға оқырман сұранысына орай танымдық кітаптар алынады. Айта кетейік, биыл Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасына – 45 жыл толып отыр. Кітапхана 1978 жылдың тамыз айында облыстық Мәдениет басқармасы бұйрығының және Мәдениет Министрлігінің 23.12.1977 жылғы хатының негізінде ұйымдастырылған. Жасөспірімдер кітапханасы 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге, 17- 29 жас аралығындағы жастарға, олардың тәрбиесімен айналысатын ұстаздар мен тәрбиешілерге, басқа да оқырмандар категорияларына қызмет көрсететін ірі мәдени-ағарту, білім беру, ақпараттық орталығы болып саналады. Кітапханадағы кітап қоры 174 мың, жылына 24 мыңнан астам кітапсүйер оқырманға ұсынылады. Жасөспірімдер кітапханасы – бұл даналық қазынасы. Кітапханада жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, кітап оқу үрдісін жаңғырту мақсатында «Кел сырласайық, қыздар!», «Жақсы адаммен жарты сағат», «Айна» мүдделестер клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ, еліміздің ертеңі, өскелең ұрпағымыздың кітап оқуға құштарлығын оятып, рухани сусындап, әдеби-мәдени ой өрісін ертеден қалыптастыру мақсатында «Әжемнің ертегісі» жобасы бойынша іс-шаралар өтеді.