АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

85
0

Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасовтың айтуынша, Шымкент қаласының аумағындағы жалпы ұзындығы  891 шақырымды құрайтын 443 орталық көшелерді санитарлық тазалау, көгалдандыру және күтіп-ұстау жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап аудан әкімдіктерінен Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына өтті.

Қазіргі таңда, әр ауданның мемлекеттік-жекешелік әріптестері анықталып, қала аумағында жұмыстар қарқынды түрде ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта Шымкент қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында, тұрақты 2400-ге жуық жұмыс орындары ашылып, қаланың санитарлық тазалығын қамту, көше жуу, қар күреу сынды жұмыстарға жаңа арнайы 150 техника тартылады. Сондай-ақ жоба аясында жасыл екпелерді суару жұмыстарын жандандыру мақсатында 440 бірлік су ұңғымасы бұрғыланып, пайдалануға берілмек. Гүл егу жұмыстарына тоқталатын болсақ, 2023 жылы қаланың көрікті жерлеріне 1 млн дана қызғалдақ егілген болса, жаздық бір жылдық әсем гүлдер саны 750 мыңға жетіп отыр. Сонымен қатар күз айларында гүлдейтін көпжылдық 100 мың түп гүл қаланың орталық көшелері мен гүлзарларына егіледі. Жалпы алғанда 2023 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша қала аумағында 1 млн 750 мың түп гүл егілген. Қаламыздың символына айналған қызғалдақ гүлдерінің санын 2024 жылдан бастап әр жылы 500 мың түпке дейін өсіру жоспарланып отыр. Осы арқылы қаламыздың шалғай орналасқан елді мекендеріне көрік беру көзделуде. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Шымкент қаласының аумағына жалпы 200 мың түп ағаш көшеті егіледі. Оның ішінде, 110 мыңға жуығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында болса, қалған 90 мың түп ағаш демеушілік және жаппай сенбіліктер өткізу арқылы егіледі. Ағаш түрлері мен нақты санын айқындау мақсатында жаңа технологиялар мен білікті мамандардан құралған топ құрылып, қала аумағындағы барлық жасыл екпелерге түгендеу, паспортизациялау бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама артықшылықтарына тоқталатын болсақ, әр талдың түрі, биіктігі, жас мөлшері, қазіргі жағдайы және орналасқан орны бойынша мәлімет енгізіледі. Осы арқылы құрылысы жүргізілетін инфрақұрылым объектілері мен күрделі құрылыс нысандарын жүргізу барысында ағаштардың бей-берекет кесілуіне жол берілмейді. Сонымен қатар Шымкент қаласы аумағында жалпы ұзындығы 313,1 шақырымды құрайтын 34 канал бар. 2021-2022 жылдары ауыл шаруашылық масатында пайдаланып отырған Көк, Чумчак, Шапырашты, Сай, Шымкент каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 2023 жылы пайдалануға беріледі. Аталған каналдардың қайта құрудан өткен бөлігінің жалпы ұзындығы 41,8 шақырымды құрайды. Осы арқылы, 2206 Га жер мен 4170 үй іргелік жерлер ағын сумен қамтылады. Қорыта айтқанда, үшінші мегаполистегі қоқыс мәселесінің шешіліп, жасыл желектің қатары қалыңдайтын күн алыс емес…