КОММУНАЛДЫҚ ҚАЛДЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛМЕК?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл» экономикаға көшу және көмірсутегі бейтараптығына қол жеткізу үшін батыл шешімдер қабылдау керегін жиі айтып келеді. Жуырда өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында да дәл осы бағытқа айрықша тоқталды. Нақтырағы, мемлекет басшысы Үкіметке ұлттық экологиялық стандарттарды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру, өндіріс орындарының зиянды шығарындыларын азайту, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыстарды жою және эрозияға ұшыраған жерлерді қайта қалпына келтіру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласында қолға алынған жұмыстар көп. Бастамалардың жай-жапсары турасында жуырда ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасов тарқата баяндады. Спикердің сөзінше, бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қалдықтарды көму жұмыстары 100 пайызға аяқталған. Аталған бағыттағы жұмыстарға жалпы 24 техника жұмылдырылып, жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ экологиялық талаптарды сақтай отырып төселген. Шымкент қаласындағы коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажет екендігі бәрімізге мәлім. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы аумағында қалдықтарды өңдеу зауытын салуға Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсіп жатыр. Қытай компаниялар қалдықтарды өртеу зауытының құрылысын салуды ұсынса, германиялық компания полигон салу үшін заманауи материалдарды ұсынуда. Ал испандық «AUDITORES ENERGETICOS AFN» компаниясынан коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізу бойынша ұсыныс келген. Компания өкілінің ақпаратына сәйкес, AEN технологиясы экология бөлігінде бірқатар артықшылықтарға ие. Бұл – «Нөлдік қалдықсыз цикл» деп аталатын процесс. Ұсынылған материалдар бойынша технология электр энергиясын өндіре отырып қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы қалдықтарды қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Жобаның құны — шамамен 200 миллион еуроны құрайды.