АБАЙ АУДАНЫНДА КӨШЕЛЕРДІ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖАЛҒАСУДА
Шаһардағы Абай ауданында 2021 жылдан бастап мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында әлеуметтік маңызы бар көшелер жарықтандырыла бастады. Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, көшелерге жарықшамдар орнату жұмыстары нәтижелі түрде жүзеге асып келеді.
Шаһардағы Абай ауданында 2021 жылдан бастап мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында әлеуметтік маңызы бар көшелер жарықтандырыла бастады. Нәтижесінде 2021 жылы 40 көше, 2022 жылы 28 көшеге жарық шамдар орнатылды. Ал, биыл 50 көшеде жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін тиісті құжаттар жинақталуда. 2024 жылы құрылыс жұмыстары аяқталған соң, жарықтандырылған көшелер 17 пайызға артатын болады. Айта кетейік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2021-2023 жылдары 312 көшені жарықтандыру жоспарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қалаларда тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орынау мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі «Шымкент қаласын жарықтандырудың құрылысын салу, қайта құру және пайдалану» жобасын әзірлеген. Жобаның аясында 2021 жылы Шымкентте 136 көше жарықтандырылды. Солардың арасында шалғай елді мекендер мен шағын аудандардағы Гүлдала, Жоламан, Ағайынды Тәжібаевтар, Сыздықов, Егемен ел, Қазына, Әлмахан қажы және Жабай ата, Аргоферма Қарасу, Ақсуат секілді көшелерді атап көрсетуге болады. Мұнан бөлек 2021 жылы 30 көшедегі ескі жарық шамдар, заманауи LED шамдармен алмастырылды. Шамы жаңарғандардың арасында Темірлан тас жолы мен Ю.Гагарин, Түркістан, Төле би секілді орталық көшелер де бар.Қаладағы жарықтандыру желілері автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылып жатыр. Диспетчерлік орталықта қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығын, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығын көрсететін бұл жүйеге әзірге 40 көше қосылған. Жыл соңына дейін 100 көше қосылады деп жоспарланып отыр.