МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕР КІТАПХАНАҒА КІТАП СЫЙЛАП ЖАТЫР
Шымкент қаласында мектеп бітіруші түлектер кітапханаға кітап сыйлады. Биылғы мектеп бітіруші түлектер кітапхана қорын ұлғайтуға шешім қабылдады. Олар А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхананың «Алтын қорға үлес қос» жобасы аясында өскелең жас ұрпаққа және жалпы қала тұрғындары мен кітапхана оқырмандары үшін сұраныстағы әдебиеттерді сыйға тартты.
Жалпы бұл бастаманы кітапхана қызметкерлері көтеріп, мектеп басшылығына ұсыныс білдірген болатын. Ал өз кезегінде бітіруші түлектер оны қуана қолдап, кітапхана қорын ұлғайтуға кірісіп кетті. Ұйымдастырылған жобаға Шымкент қаласындағы № 59, 115, 53, 42, 47, 120, 26 және Арыс қаласы С.Адамбеков мектебінің бітіруші түлектері қатысып, жалпы саны 73 дана кітап кітапхана сөресінен орын тапты. А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында ертегілерден бастап балалар әдебиеті, қазақтың ауыз әдебиеті, халық әдебиеті, әлем балалар әдебиеті, «Кел танысайық бұл…», «Школьная библиотека» сериялары, энциклопедиялар, мақал мәтелдер ой-өрісін дамытатын танымдық кітаптарменен толықтырылған, оқырмандар көңілінен шығып жүрген кітапханалардың бірі. Балалар әдебиетін насихаттау барысында баланы кітап оқуға баулу, баламен тығыз байланыс жұмысы жасау бойынша керемет жобалар ұйымдастырылып келеді. Бүгінде балаларға арналған әдебиеттердің жалпы данасы 529 құрады, оның 389 данасы мемлекеттік тілде. Айта кетейік, Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры – 418 046 дананы құраса, оның ішінде балалар әдебиеті – 390 492 дана. Кітапхана мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, 1-9 сынып оқушыларына, тәрбиешілер мен мұғалімдерге, жылына жалпы 392 мыңдан астам келушіге қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ашылған «Ақерке» балалар залы да бүлдіршіндерді кітап оқуға ынталандыруда. Залда жылына оқырмандарға 765 мың данадан аса кітап берілуде. Оқу залына соңғы 3 жыл көлемінде 18 593 дана жаңа кітаптар қорға алынған. Кітапханалардың кітап қорлары көркем шығармалармен, мектеп бағдарламасына қосымша балаларға арналған анықтамалық әдебиеттермен, танымдық, сала жанрлары бойынша балалар әдебиеттері мен қиял-ғажайып, шытырман оқиғалар, ертегілермен толықтырылған. Балаларға қызмет көрсететін қалалық кітапханалардағы кітап қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша отандық, шетелдік ақын-жазушылардың әдебиеттерімен толықтырылады. Оның басым бөлігі көркем әдебиеттер болса, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға оқырман сұранысына орай танымдық кітаптар алынады.