КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫ АУРУЫНЫҢ ЭПИДЕМИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ

76
0
Шымкент қаласының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (әрі қарай – КҚГҚ) табиғи ошақтары орналасқан. Ағымдағы жылдың эпидемиялық маусымы басталғаннан бері бүгінгі таңда Шымкент қаласында КҚГҚ ауруына күдікті жағдай тіркелмеді.
Табиғи ошақтардың болуының негізгі себебі – бұл аймақта иксодты кенелердің мекендеуі. Кенелердің табиғатқа жаппай шығуы әдетте наурыз-сәуір айларының басында басталады, олардың шағуынан зардап шеккендердің ең көп саны мамыр-маусым айларында тіркеледі. КҚГҚ ауруының алдын алу үшін кене шаққан жағдайда, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет. Жыл басынан кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгінгендер саны 232 жағдайға жетті (2022 ж. осы мезгілінде – 314 жағдай).
Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Кодексінің 107 бабының 1 тармағында «Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының, таралуының алдын алу мақсатында жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарына сәйкес жүйелі негізде профилактикалық, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуге міндетті» деп көрсетілген. Яғни, әрбір жеке меншік қожалықта КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін қала аумағында қора-жайлары бар елді-мекен тұрғындары үйіне іргелес қораларда механикалық тазарту, қоқыстарын шығару жұмыстарын және кене анықталған қораларда шұғыл түрде тұрғындар өз қаражаты есебінен құзырлы мекемелер күшімен дезинсекция жүргізуі міндетті. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыспен жыл басынан КҚГҚ бойынша қолайсыз елді-мекендерде санитариялық-қорғау аймақтар мен буферлік аймақтар, мал қоралары кенеге қарсы залалсыздандырылады. Ағымдағы жылы санитарлық қорғау аймағын құру мақсатында ҚР ДСМ «ҰСО» ШЖҚ РМК-ның Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы тарапынан кенеге қарсы көктемгі залалсыздандыру жұмыстары 17.04.-19.04.2023ж. аралығында жүргізілді. Үйге іргелес қора-жайларда, елді-мекендерде кенеге қарсы көктемгі залалсыздандыру жұмыстары қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының тарапынан «Энзоотиялық» аурулардың алдын алу мақсатында аталған жұмыстар 19.04.-31.05.2023ж. аралығында кенелердің көбеюінің және адамдар арасында КҚГҚ ауруының тіркелуінің алдын алу үшін кенеге қарсы залалсыздандыру жүргізілуде. Сондай-ақ, кенеге қарсы дезинсекция жұмыстары тамыз айында ІІ кезеңмен қайта жүргізіледі. КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және оның аумақтық басқармаларының мамандарымен тұрақты түрде санитариялық-ағарту және халық арасында түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізілуде.
Анықтама үшін:
Конго-Қырым қанды қызбасы — аурудың адамға жұғуы кене шаққанда, қанға тойған кенелердің қаны адамның шырышты қабығына немесе терісіне тиген кезде, КҚГҚ-мен аурумен және науқастың биологиялық сұйықтығымен ластанған заттары мен бұйымдарымен байланыста болған кезде, кене басқан ауыл шаруашылығы жануарларын күту кезінде (малдағы кенелерді тазалаған кезде, қайшымен қырқу және кенелерді қолмен алып тастау кезінде) болады.
Инкубациялық (жасырын) кезең — 1-14 күн, бұл кезеңнің ұзақтығы вирустың таралу жолдарына байланысты.
Клиникалық белгілері: температураның 39-40 градусқа дейін тез көтерілуі, қатты бас ауруы, көздің, беттің, мойынның және дененің жоғарғы бөлігінің қызаруы, мойын мен арқа бұлшықеттерінің ауыруы, жүрек айну, құсу, іш өту, сосын терінің бөртуі, мұрын, қызыл иек, жатырдан және асқазаннан қан кетуі, инъекция орындарында гематомалар пайда болуы.
Жұқтыру қаупі жоғары адамдар:
— жануарларды күтумен байланысты қызмет түрлерімен (шопандар, малшылар, сақшылар, сауыншылар, ветеринарлық қызметкерлер) және оларды табиғи ошақтың аумағында союмен немесе бөлшектеумен айналысатындар;
— КҚГҚ-мен ауыратын науқастың қанымен және басқа да биологиялық сұйықтықтарымен қорғаныш заттармен сақтанбай байланыста болған медицина қызметкерлері;
— эндемиялық аймақта инфекцияланған кенемен немесе КҚГҚ-мен ауыратын науқаспен байланыста болған кез келген адам.
КҚГҚ жұқпау үшін:
Табиғатқа шыққан кезде киімді кенелерді үркітетін заттарды (аэрозольді репелленттерді) пайдалану және ашық түсті киімдерді киіп, кенелердің денеге жанаспағандығын қарау үшін белгілі бір уақытта әр адам өзін-өзі және бірін-бірі қарап шығу қажет.
Ауыл шаруашылығы жануарларын қырқу алдында қорғаныш киімдерін киіп сақтану керек. Ауыл шаруашылығы жануарларын қырықтық кезінде және жүнді өңдеуде қорғаныш киіммен және қолғаппен (капюшоны бар комбинезон, шұлыққа салынған шалбар, етік және резеңке қолғап) жұмыс істеу керек. Жұмыс істеген кезде темекі шегуге және тамақтануға болмайды. Қорғаныш костюмдері болмаған кезде комбинезонды немесе басқа да қорғаныш киімді пайдалануға, бұл ретте оның жоғарғы бөлігін шалбарға, ал шалбарды шұлыққа салуға болады.
Инфекцияны негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасымалдаушылар – кенелер. Сондай-ақ, ауылшаруашылық жануарлары, жабайы сүтқоректілер де (қояндар, кеміргіштер, кірпілер және т.б.) табиғи резервуар және қоздырғыш көзі болып табылады. Кене шаққан немесе кенемен жанасқанда міндетті түрде дер кезінде медициналық мекемеге жүгіну керек. Кене жабысқан жағдайда кенені жоймай, беті тығыз жабылатын ыдысқа салып, зертханаға зерттеуге тапсыру қажет. Кене шағуынан зардап шеккен адамдар жергілікті емдеу-профилактикалық мекемемен 14 күн медициналық бақылауға алынады. Адамдар арасында КҚГҚ тіркелген жағдайда, науқастың дер кезінде оқшаулануы, қарым-қатынаста болған адамдар анықталуы және ошақта қорытынды дезинфекция жүргізілуін бақылау, санитариялық-ағарту жұмыстарының жүргізілуі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің құзырына жатады. Сонымен қатар, індетке қарсы және алдын алу іс-шараларының жүргізілуін мониторингтеп бақылайды. Өткен жылы тіркелген 7 расталған жағдайдан 2 өлім жағдайы орын алған болатын. Ауырған 7 науқастар кене шаққаннан кейін дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген және ауруына ем іздеумен егу бөлмелері мен жеке меншік медициналық орталықтарға медициналық көмекке жүгініп, өз бетінше ем қабылдаған. Айта кететін жағдай, егер кене шағып немесе КҚГҚ науқаспен байланыста болғанда, ауру белгілері мазаласа, медициналық көмекті үйге шақыртып, қажетті ем-шараны дер кезінде алған жөн.