ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ ІСТІҢ АЯСЫН КЕҢІТЕДІ

54
0
Шымкентте биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы шеңберінде 447 адамға 400 АЕК дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант беру жоспарланған. Өтініштер төрт лек бойынша комиссияда қаралып, мақұлданады. Алғашқы лекте шымкенттіктерден 3100 өтініш түсіп, оның 115-і грант ұтып алды.
Мемлекеттік грант алған жандардың 17-і мүмкіндігі шектеулі азамат, 58-і көп балалы отбасы, 15-і мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жан, 12-і асыраушысынан айрылғандар, 13-і атаулы әлеуметтік көмек алатын аналар. Қайтарымсыз грант алған жандар кәсібін дөңгелетіп, ісінің аясын кеңетуге осылайша мүмкіндік алды. Қазіргі таңда мемлекеттік грант берудің 2-легі бойынша өтініштер толық қабылданды. Бұл жолы 2893 азамат бизнес-жобасын ұсынды. Жобасын комиссия алдында қорғап шыққан үміткерлердің нәтижелері «Business.enbek.kz» порталындағы жеке кабинеттеріне хабарлама ретінде жолданады. Айта кетейік, мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ғана ала алады. Жалпы Қазақстанда шағын және орта бизнеске арналған қайтарымсыз грант алуға болады. Оның біршамасын мемлекет бөледі, біразын жеке ұйымдар, қорлар ұйымдастырады. «Бастау Бизнес» 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы бойынша азаматтардың бизнес-бастамаларын қолдаудың мемлекеттік шаралар кешені шеңберінде іске асырылатын 400 АЕК қайтарымсыз грант. «Бастау Бизнес» ұлттық жобасы – Негізінен халықтың әлеуметтік осал тобына бағытталған. Қайтарымсыз қаражат бір адамға өмірінде бір-ақ рет беріледі. Бұрындары «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 252 500,  505 000, 583 400 теңге грант ұтқан адамдар бұл жобаға  қатыса алмайды. Алдымен оқу курсына жазылу үшін Business.enbek.kz порталына тіркеліп, оқыту шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеруден өту қажет. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы Skills.enbek.kz платформасына өтіп, оқуға кірісе алады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн курсының қатысушылары бола алады — жұмыссыздар, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа жетпей жұмыстан қысқартылатын қызметкерлер, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлер, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері. Оқытуға сәтті тіркелгеннен кейін 14 күнтізбелік күннің ішінде барлық модульдарды өтіп, қорытынды тест тапсырып сертификатты алу керек. Оқу толығымен тегін.