ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕУГЕ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТУДА
Шымкентте коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттігі туындауда. Қазір қалдықтарды өңдеу зауытын салуға қатысты Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде.
Қытай компаниялары қалдықтарды өртейтін зауыттың құрылысын салуды көздесе, Германия инвесторлары полигон салуға қажетті заманауи материалдар ұсынуда. Әлемге әйгілі AUDITORES ENERGETICOS AFN (AEN) компаниясының өкілдері коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізуге қызығушылық танытып отыр. Жобада қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға өңдеу, полигондағы қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру қарастырылған. Бүгінде бизнес өкілдерінің ұсыныстары қаланың ерекшелігіне қарай сарапталуда. Айта кетейік, қазір қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 млн тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қоқыстарды көму жұмыстары толық аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 24 техника жұмылдырылып, экологиялық талаптарға сай жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ төселді. Сонымен қатар, алдағы 2023-2026 жылдары қала аумағында мұнай қалдықтарын шикізат ретінде қайта өңдейтін 3 жобаны іске асыру жоспарланған. Толығырақ тоқталсақ, «Hill Resources» ЖШС – негізгі майларды өндіру. Жоба құны 270 миллиард теңге, қуаттылығы — жылына 500 мың тонна мазутты қайта өңдеу; «Алмэкс Полимер» ЖШС – ұнтақты полипропилен өндіру. Аталған жоба 2023-2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының отын-энергетика кешенін дамыту тұжырымдамасына қосылды; «Эколайф Астана» ЖШС құрамында мұнай бар және басқа да қалдықтарды кәдеге жарату зауытын салу. Жобаны жүзеге асыру мақсатында «Жұлдыз» индустриялық аймағынан жер телімін алу бойынша инвестор тарапынан тиісті құжаттар ұсынылып, өңірлік үйлестірушілер кеңесінің оң қорытындысын алды.